Жамбылдықтар күткен қоғамдық көлік әзірге қозғалмайды
Жамбылдықтар күткен қоғамдық көлік әзірге қозғалмайды
153
оқылды
Елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін көпшілік жағымды жаңалықтарға үміт арта бастағаны рас. Ал 18 мамырдан бастап кафе, сұлулық салоны сынды бірқатар нысандардың іске қайта қосылатындығы тіпті жұртшылықтың жанын жадырата түскен. Әсіресе жамбылдықтар біраздан бері тоқтап тұрған қоғамдық көліктер қайта қозғалысын бастайды деп күткен еді. Алайда бүгін атқарушы билік бұқараның үмітін үзді. «Бірқатар облыстарда коронавирустық инфекциялар санының күрт өсуіне байланысты, сондай-ақ аймақтағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Жамбыл облысының жедел штабы карантиндік шараларды тек ішінара жеңілдету туралы шешім қабылдады. Атап айтсақ, монша кешендерінен тыс шаштараздар мен сұлулық салондары (алдын-ала жазылу бойынша) жұмыс уақыты 10.00-ден 18.00-ге дейін; жазғы алаңы бар, ашық ауада жұмыс жасайтын қоғамдық тамақтану орындары (сыйымдылығы 30 адамнан аспайтын) 10.00-ден 20.00-ге дейін; құрылыс материалдары мен тұрмыстық тауарларды сату базарлары 7.00-ден 17.00-ге дейін және қонақ үйлер жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ертеңнен бастап Тараз қаласы аумағында орналасқан түлектерді ҰБТ-ға дайындау бойынша оқу орталықтарының қызметіне рұқсат етіледі. Жоғарыда аталған кәсіп түрлерінің жұмысын қалпына келтірудің міндетті шарты – санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау. Мұны арнайы мобильді топтар қадағалайтын болады», – делінген ресми хабарламада. Алайда қара халықтың күткені бұл емес еді. Қоғамдық көліктерге қатысты жергілікті билік: «Облыс тұрғындарының денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ инфекцияның жоғары қаупіне байланысты қоғамдық көліктер тоқтатылған болатын. Қазіргі кездегі қалыптасып отырған эпидемиялық жағдай маршруттық автобустардың жұмысын қайта жандандыруға мүмкіндік бермеуде. Облыс тұрғындарынан бұған түсіністікпен қарауды сұраймыз», – деп жұбату айтқандай болды. Бұдан бөлек, облыс пен Тараз қаласының аумағы бойынша автожолдарда, коронавирус ауруы анықталған елді мекендерде карантиндік шаралар алынып тасталғанша блок-посттар өз жұмысын жалғастыратын болады. Тұрғындардың қозғалысы да шектеулі күйінде қала бермек. Демек, бұл әлі де болса Жамбыл облысында коронавирустық жағдай қауіпті деген байлам жасауға итермелеуде. Әйтпесе, жергілікті билік қоғамдық көліктерді қозғауға түбегейлі қарсы болмас еді.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы