Биыл Алматыда мектеп жанындағы және қала сыртындағы балалар лагерьлері ұйымдастырылмайтын болды.
«Біз мектеп жанындағы сауықтыру орталықтарының жұмысын зерттедік. Яғни мектеп жанындағы лагерлерді. Біз балаларымыздың денсаулығына қауіп төндірмеуіміз керек.Сондықтан лагерь жұмыс істемейді. Мектеп директорлары да бұл шешімді бірауыздан қолдады», - деді Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн-брифинг барысында.
Сонымен қатар, ол биыл балаларға арналған қала сыртындағы лагерьлер де жұмыс істемейтінін айтты.
«Бір ғимараттың ішінде 25-30 бала түрады, содан кейін олар асханаға бірге барады, түрлі мәдени шаралар кезінде үнемі байланыста болады. Бұл індеттің таралуына жол береді. Біз қазір карантиндік шараны өткізіп жатқандықтан, бұл демалыс түрінен биыл бас тартамыз», - деді ол.