Түркістан облысы Төлеби ауданында топан су кірген 38 баспана тұруға жарамсыз, – деп хабарлайды AstanaTV. Телеарнаның хабарлауынша, ауданда жұмыс істеген комиссия осындай қорытынды жасады. Таулы ауданда толассыз жауған жауыннан су шайған төрт көпір де қайта салынатын болды.
Өңірде жұмыс сапарымен болған Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр табиғи апаттан зардап шеккен халықпен кездесіп, атқарылып жатқан шаруаға қанықты. Төлеби ауданында бүлінген баспаналарды қайта салуды бастады. Комиссия таулы ауданда су кірген 115 тұрғын үйді тексеріп, соның 38-ін жарамсыз деп тапқан. Баспаналарды тұрғызуға 510 млн теңге қарастырылған. Қайта тұрғызылатын үйдің тең жартысы Сұлтанрабат елді мекеніне тиесілі. Аумағы 60, 80 және 100 шаршы метр болатын 38 үй 1 шілдеде тапсырылады деген жоспар бар.
Тасқын судан зардап шеккен халықпен арнайы кездескен Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жергілікті халықпен кездесу кезінде айтып, қуантты.
Ал Мақтаарал ауданындағы топан су біршама тартылған. Мамандар 9 мың текше метрдей суды каналдарға жіберіп үлгеріпті. Бұл – Өзбекстанның Сардоба су қоймасынан ағып келген балықтардың жаппай қырылуын болдырмаудың да бір амалы.
Өңірде халыққа сарқынды судағы балық аулауға тыйым салынды.
Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбай: «СЭС-ке бердік, 13-і күні дөңмаңдай балығы мен үш сазан балығын бердік сараптамаға. Алдында үш сазанды ветеринарлық инспекцияға бергенбіз. Сараптамалық анализ шыққанын күтеміз. Оған дейін халыққа біз балықты жемеуге ескертеміз, мүлдем болмайды. Жарамсыз болатын болса біз мелиоративті аулауды ұйымдастырамыз», – деді.
Сондай-ақ Мақтааралда топан су басқан ауылдарды дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр.