Айқындықтар
Қазақ елінің жүрегіне батқан ауыр қаза
Бейсен Құранбектің қазасы – қазақ журналистикасының ғана емес, қалың Қазақ елінің жүрегіне батқан ауыр қаза. Айтуға – ауыр қаза. Бейсен Құранбек – қазақ тележурналистикасына жан бітірген жігіт. Оның «Айтуға оңай» мен «Қарекет» бағдарламалары – халықтық хабарлар. Елдің мұңын мұңдады. Жоғын жоқтады. Жанын беріп жұмыс істеді. Қазақта «жанын шүберекке түйіп» деген сөз бар. Яғни, барлығын жиып қойып, елге қызмет жасау. Бейсен Құранбек сол – «жанын шүберекке түйген» жігіт. Сегіз қырлы, бір сырлы. Жақсы десең – жақсы, жайсаң десең – жайсаң! Елдің назарында болды. «Назарланып» қалған да шығар... Бейсен өлген жоқ! «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған!» деген Абай сөзі осы Бейсен Құранбектей азаматтарға арналған тәрізді... Бейсенді – сүйікті Бейсен Құранбегін жоқтаған отбасына, ел-жұртқа, телевизия саласындағы әріптестерге көңіл айтамын.Нұртөре ЖҮСІП, сенатор
Сен алысқа аттанып кеттің...
Ол ұзақ ауырды... Қиналды. Таңғы жетіде үзіліп сала берді. Осыдан 6 ай бұрын туған күнінде: «Еее, бауырым, міне, тағы оздың, енді 10 ай бойы сен менен үлкен болып жүресің. Маған жеткізбес алыстағы «қылаң болған» Досанды қуып жеттің. «Ағаң болдым!» дейсің ғой жымиып. Соның өзі қызық дәурен, бірі құйрық, бірі жал болып, пенделік пен пақырлықтың басынан қарғып, жарық дүниеде жарысып, жарасып жүргенге не жетсін, Бейсеке! Бақ деген біреуге – атақ, біреуге – мансап, сенің бағың – 96 жастағы апам. Атақ пен мансапты шұлғаулыққа алмай, елордадан оралып, анаңның қолына су құйып жүрсің. Қариядан уыстап алған мейіріміңді «Қарекет» арқылы қалың жұртқа тамшылата тараттың. «Қаруыңды ал, аттандық» десе, «қайда» деп сұрамастан атқа қонатын досы бар адамда арман жоқ шығар?» деп едің бірде. Жігіттер арасынан Азаматын іздеп отырасың. Соны тосын жеткізесің. Сен өзі «біртүрлі» ойлайсың ғой. Сол ойларыңмен көпке қадірлісің» деп жазып едім... Амал нешік, Алла оны біздің арамыздан ерте алып кетті. Сабағынан ерте үзіліп түсті. Бақұл бол, бауырым!Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, публицист