«Күмістің мәңгілік сәулесі»
«Күмістің мәңгілік сәулесі»
259
оқылды
18 мамыр – Халықаралық музей күні Елбасы кітап­ханасының ресми сайтында «Күмістің мәңгілік сәулесі» вир­туалды көрмесі ашылды. Экспозицияда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевқа әр жылдары тарту етілген күмістен жа­сал­ған дипломатиялық сый­лық­тардың топтамасы ұсы­нылған. Сыйлықтар мазмұны жағынан көпқырлы және Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын сипаттайды. Көрменің не­гізгі идеясы – Елбасының дипло­ма­тиялық қайраткерлігінің серпінін бірізділікпен көрсету. Көптеген халықтар мә­де­ниетінде күміс ерекше орын алады. Көрме жәдігерлері қол­данылу мақсатына қарай топтас­тырылып, көптеген елдер мен халықтардың сәндік-қолданбалы және зергерлік өнер техникасы мен тәсілдері жөнінде ақпаратпен толықтырылған. «Күмістің мәңгілік сәу­лесі» виртуалды көрмесінің әр­бір бұйымы шығу тегінің геогра­­фиясын, түрлі дайындау техникасын, пішінін көрсетеді, әлемнің белгілі бір халқына тән әшекейдің дәстүрлі тәсілдерін терең түсінуге және зерделеуге мүмкіндік береді. «Күмістің мәң­гілік сәулесі» виртуалды көрмесі 8 тараудан тұрады, онда: асханалық күмістер, шайға арналған жиын­тықтар, құмандар, сәндік тәрел­келер, құмыралар, мүсіндер, қоб­ди­шалар және жазуға арналған заттар бар. Көрме барлығы 126 сақтау бірліктен тұрады» делінген Елбасы кітапханасының ресми сайтындағы ақпаратта. Аталған көрме – Елбасы кі­тапханасының «Музей жинағы» зерттеу бағдарламасының нәти­жесі және оның Халықаралық музей күніне орайластыруы да кездейсоқ емес. Өйткені Қа­зақ­стан тәуелсіздігі жылдары жасақ­талған жәдігерлердің тереңдігі мен саналуандығы музейтану қыз­метінің көпжақты бағытын құруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Елбасы кітап­ханасы елімізде, шетелдерде қоғамдық-саяси бағыттағы жоба­ларымен қатар, қор жинақ­та­ры­на негізделген мәдени байла­ныс­тарымен де танымал. «Күмістің мәңгілік сәулесі» виртуалды көрмесін Елбасы кітапханасының сайтынан мына сілтеме presidentlibrary.kz арқылы тамашалауға болады.  

Әділ БЕК