Елге үлгі Үмбетовтің кезекті туындысы
Елге үлгі Үмбетовтің кезекті туындысы
266
оқылды

Алматы облысын арасына жылдар салып барып екі мәрте басқарған, екінші келісінде алты жылға жуық Жетісу өңірінің өркендеуіне өзіне ғана тән іскерлікпен жетекшілік жасаған Серік Үмбетов – қай кезде болмасын сөз қадірін білетінімен, ел мен жердің тарихын ұлықтап, халқымыздың салты мен дәстүрін дәріптеуімен жұртының жадында жақсы әсер қалдыра білген тұлға. Қазіргі кезде ағамыз Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде еліміздегі басты заң шығарушы органдағы міндетінен қолы қалт еткенде қаламды серік етіп өмірден көргендері мен түйгендерін қағазға түсіріп, замандастарына үлгі ретінде ұсынып келеді.

Талдықорғандағы Тілдер сарайында Серік Әбікенұлының кезекті туындысы – «Дала дана­лығы» атты кітабының тұсау­ке­сері өтті. Рухани шараның тізгі­нін ұстаған журналист Бейсен Құранбек Жетісудың ғана емес қазақтың қайраткері атанған, сара басшылығымен жұрт көңі­лінің төрінен орын алған азамат­тың бұған дейінгі жақұт жазба­ла­рының тереңдігін, ойлы­лы­ғын, мазмұндылығын айта келе, соңғы туындысының сол шығар­малар шоғырына қосылған сүбелі үлес екеніне тоқталды.

Жетісу өңірінің абыз ақсақал­дары Наурыз Қылышбаев пен Аманғазы Шегіров жаңа кітап­тың тұсаукесер рәсімін атқарды. Даналар даналығы топтасты­рыл­ған туындының алғысөзін жаз­­ған көрнекті жазушы, Халық­а­ралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреаты Асқар Алтай:

– Кіндік қаным Алтайда там­ғанымен, Жетісу жері бақытты өмірімнің баспалда­ғындай көрі­нетіні бар. Мен үшін балғын буынды қатайтып, биікке құлаш серметкен осы өлкенің қасиеті бөлек. Осында туып, ел бақытын көксеген жаны жомарт жандар жаныма тым жақын, ыстық. Солардың қатарында, әрине, алты Алаштың аяулы перзентіне айналған Серік Әбікенұлының алар орны ерекше, – деп тол­ғанды.

Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев «Дала даналығы» кітабынан мысал келтіре отырып, «Гүл құ­ді­реті», «Ғажайып сөз» тақырып­тық толғамдарын талдап берді. «Құрмет» орденінің иегері Аман­ғазы Шегіров жаңа жинақтың әр тарауы қоғам мен адам қатына­сын кеңінен қамтитынын әңгі­ме­ле­се, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт автордың адамгер­шілік қасиетін, ізденгіштігін ай­­шықтап айтты. Алматы облы­сы және Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Дина Нұр­ғалиева, белгілі журналист, жазу­шы, баспагер Ырым Кененбай, «Құрмет» орденінің иегері Ерғазы Қошанбеков ақжарма тілектерін білдірді.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкіл­ә­лемдік Шыңғысхан акаде­миясының академигі, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін:

– «Қарлығаштың қанатымен жеткен жақсы сөз – біздің түп негізіміз» деп Серік Әбекенұлы жаңа жинағында парасатты пайым жасаған екен. Неткен көре­гендік! Осы тұрғыдан кел­генде. Серік ағамыздың кітабы күллі қазақ оқырманының көңіл төрінен ойып тұрып орын алар ғажайып туынды ретінде баға­ланады деп сенемін, – дей келе, қаламгердің өзіндік ерекшелігін саралады. Жамбыл ауданынан арнайы келген жазушы Виктор Никитин ниетін білдірсе, ақын Марат Құрманұлы жүрегіне ұяла­ған жыр шумақтарын тебі­ре­не оқыды.


Болат АБАҒАН,
Алматы облысы