Мұсылман әлемінде ең маңыздысы әрі бірегейі – қасиетті Рамазан айындағы Қадір түні. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары – Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн.Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем», «құдырет» деген мағынаны білдіреді.
Негізі Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадір кеші рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі деген сенім бар.«Кім қадір түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі» деген Пайғамбарымыз Мұхаммед.
Қасиетті Қадір кешінде үйде отырып мынадай амалдарды орындауға болады:Құранның «Қадір» сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екені кеңінен айтылған. Мың ай, бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз - бір адамның өмір бойы Алла Тағалаға құлшылық етуімен бара-бар деген сөз.
- Сол күні кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;
- Құптан намазында 20 рәкағат тарауық намазын оқу;
- Құран, хадис кітаптарын оқу;
- Қадір кешінде таң атқанға дейін төрт рәкағатт нәпіл намазы оқылғаны дұрыс.
- Тәспі тарту;
- Қадір кешін мүмкіндігі болғанша ұйқысыз өткізу қажет. Ұйықтап қалған жағдайда күнә саналмайды.
- Қадір түнін ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады.