Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Түркістан облысына жұмыс сапары барысында су басу салдарынан зақымданған тұрғын үйлерді, әлеуметтік мақсаттағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді.
Роман Скляр, Парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдай салдарын жою жұмыстарымен танысып, Төлеби ауданының ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында зардап шеккен елді мекендердің тыныс-тіршілігін тез арада қалпына келтіру үшін билік тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды. Сондай-ақ олар Мақтаарал ауданындағы су басқан аумақтарды аралады.
Сапар барысында Мырзакент кентіндегі жеке меншік тұрғын үйлердің құрылысын салуға бөлінген 70 гектер жер учаскесіндегі жаңа шағынауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары тексерілді. Үкімет резервінен тұрғын үй салу, инженерлік-инфрақұрылымдық шығыстарды қамтамасыз ету, су құбыры желілерін қайта жаңарту және қалпына келтіру, көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін қаражат көзделген.
Жаңа шағынауданның құрылысына 32 мердігерлік ұйым тартылған, 313 үйде құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс алаңында 900-ге жуық құрылысшы мен 70 арнайы техника құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде.
Роман Скляр кездесу соңында зақымдалған үйлерді, көлік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін қалпына келтіру, су басқан аумақтардан суды сору жұмыстарының қарқынын төмендетпеуді тапсырды.