Интеграцияда ұлттық құқық ескерілуі тиіс
Интеграцияда ұлттық құқық ескерілуі тиіс
290
оқылды
Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейнеконференция форматында өткен кезекті отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қыз­меті  хабарлады. Онлайн саммитке Армения Республикасының премьер-ми­нистрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин және Еура­зиялық экономикалық одақ жанын­дағы бақылаушы мемле­кеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының президенті Игорь Додон, сондай-ақ Еура­зиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты. Жиынның күн тәртібінде 2025 жылға дейінгі еуразиялық эко­номикалық интеграцияның стра­тегиялық дамуы туралы мәселе талқыланды. Отырыс барысында мемлекеттер басшылары Еура­зиялық экономикалық одақ аясын­дағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, соның ішінде Кубаға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру мәсе­лесін қарастырды. Қазақстан Президенті өз сөзінде «2025 жылға дейінгі еура­зиялық экономикалық интегра­цияның стратегиялық даму бағыт­тары туралы» құжаттың жобасына ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл маңызды құжатты қабылдау идея­сын қолдай отырып, Стратегия­ның кейбір бөлімдерін қайта тал­қылап, әлі де пысықтай түсу керек екенін айтты. – Алдағы бірнеше жылға ар­налған интеграцияның негізін қа­лайтын аталған құжаттың ерек­ше маңызды екенін ескере оты­рып, оны әлі де талқылап, бетпе-бет кездесу барысында қабылдаған жөн. Ерте ме, кеш пе, біз бір-бірі­мізбен кездесеміз, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент осы құжатқа қатысты бірқатар тү­сіндірме жасады. Қасым-Жо­март Тоқаев бірінші кезекте та­уарлардың кедергісіз әрі шектеусіз тасымалын іс жүзінде қамтамасыз ету, секторлар бойынша тарап­тар­мен келісілген бірыңғай қызмет көрсету нарығын кезең-кезеңімен құру, ортақ энергетикалық және қаржы нарығына дайындалу қа­жет деп санайды. Мемлекет басшысы одаққа мү­ше елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың көпқырлы екенін атап өтіп, оның эконо­микалық, әлеуметтік, гуманитар­лық қатынастарды қамтитынын жеткізді. – Сондықтан аталған мәсе­ле­лерді бесжақты форматта Еура­зиялық экономикалық комис­сия­ны қатыстыра отырып қарастыру оның нақты іске асуын қиын­да­тады. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразия­лық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру – оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүм­кін. Яғни, 2015 жылғы Еура­зиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президентінің айтуынша, интеграциялық жұмыс ұлттық құқықтық жүйенің ерек­шеліктерін ескеруге тиіс әрі ұлт­тық заңнаманы үйлестіру және біріздендіру мәселелерін қарас­тыру кезінде «жеткілікті қажет­тілік» қағидатын ұстануы керек. – Стратегияда ұсынылған заң­наманың «үйлестіруге және біріз­дендіруге» қатысты құқықтық жауапкершілік орнату бөліміндегі әкімшілік және қылмыстық, кеден ісі, техникалық реттеу, тұ­тынушылардың құқығын қорғау сияқты бірқатар сала, біздің пі­кірімізше, ақылға қонымды жет­кіліктілік қағидатына әлі де толық жауап бермейді. Ал бұл ұлттық қоғамдық ой-пікірдің Страте­гия­ны қабылдамауына алып келеді. Өйткені Стратегия үкіметтер мен парламенттердің дербес құқығын шектейді, – деді Президент. Сонымен қатар Қасым-Жо­март Тоқаев Еуразиялық эконо­микалық комиссияның өкілет­тігін кеңейту мәселелеріне мұқият болуға шақырды. – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қызмет көрсету, өзара сауда мә­селелері бойынша үшінші елмен өткізетін екіжақты келіссөздеріне комиссияның қатысу құқығын беру қосымша зерттеуді қажет етеді, – деді Президент. Мемлекет басшысы дәл қазір­гі жағдайда Еуразиялық эконо­микалық одақпен ынтымақтас­тықтың басым бағыты эконо­миканы қайта қалпына келтіру мәселесі бойынша құрылуы керек екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан парламентінің Еуразиялық экономикалық одақ­қа бақылаушы мемлекет ретінде кіру туралы шешімін құптады. Мемлекет басшысы өзара сауда, бизнесті қолдау, цифр­ландыру және көліктік логистика салаларындағы ықпалдастық мәселелерін одан әрі нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын ортаға салды. Біріншіден, Қазақстан Пре­зиденті пандемия кезінде пайда болған барлық шектеулер мен кедергілерді кезең-кезеңімен алудың жоспарын жасау қажет деп санайды. – Біздің денсаулық сақтау, санитарлық, ветеринарлық және өзге де бақылаушы ведомство­ларымыз дағдарыстан сабақ алып, сондай-ақ бір жағынан азамат­тарымыздың денсаулығын сақ­тайтын, екінші жағынан тауар­лардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ететін ықпалдас­тықтың тиімді механизмдерін ұсынуы қажет. Пандемияға қарсы күрес кезінде, одан кейінгі шек­теулер алынған кезеңде де көлік құрылымдарының, сани­тарлық қызметтердің, шекаралық ведом­стволардың жұмысы жүйелі бо­луы маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы екінші мә­селе ретінде Еуразиялық эко­номикалық одақтың ақпараттық жүйесін біріктіру жұмыстарын қолға алудың маңыздылығын айтты. – Мемлекеттік органдары­мыз­дың ықпалдастық орнатқан негізгі аспектілерін цифрландыру арқылы біздің елдеріміз бизнес-процестерді жеңілдетуге, өзара тауар айналымын арттыруға, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға қол жеткізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Үшіншіден, Қазақстан Пре­зиденті көлік-логистика қызметін дамыту қажет деп санайды. – Аталған бастама аясында біз ұлттық тауар өткізу жүйесін құ­руды бастап кеттік. Ол 2022 жылға қарай 24 көтерме-тарату орта­лығынан тұратын болады. Бұл 5 миллион тонна ауылшаруашылық өнімін сақтап, өңдеп, таратуға мүмкіндік береді. Одаққа мүше мүдделі елдердің арасында тауар таратудың ортақ жүйесін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсы­на­мын, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев биз­несті қолдау мәселесіне де ерекше назар аударды. Президент қазір­гідей дағдарыс кезеңінде Еура­зиялық экономикалық одаққа мү­ше мемлекеттердің барлық ре­сурсы жұмыс орындарын тұ­рақ­тан­дыруға және сақтап қалуға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы одақ­тың шығыны көп жекелеген ше­шім­де­рін орындау, атап айтқанда қазіргі дағдарыс жағдайында кей­бір тауар түрлерін міндетті түрде таңбалау аса қажет емес деп есептейді. Қазақстан Президенті Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қаржы-экономика министрліктері басшыларының, жалпы үкіметтердің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі сыртқы сын-қатерлер мен экономиканы да­мытуға қатысты шараларды талқылау үшін арнайы алаң ашып, оны белсенді қолданудың ма­ңыздылығын мәлім етті. Саммит қорытындысы бо­йын­ша Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ұсынысымен «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжат негізінен мақұлданғанымен, қа­былданған жоқ. Одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен комиссияға Стратегияны пы­сықтау тапсырылды. «Еуразиялық бестіктің» көш­басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын 2020 жылдың күзінде Минск қаласында өткізуге уағдаласты.