Қосшының 8 тұрғыны туған күн тойлап, коронавирус жұқтырды
Қосшының 8 тұрғыны туған күн тойлап, коронавирус жұқтырды
© сурет интернеттен алынды
224
оқылды
Елорда маңында орналасқан Қосшы елді мекенінде соңғы күндері коронавирус жұқтырудың 15 жағдайы тіркелді. Бұл туралы мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты. «Шынымен де, Қосшы елді мекенінде соңғы күндері 15 жағдай анықталды. Бұл 15 жағдай 2 ошақта тіркелген. Олардың барлығы да туыстар, олардың 8-і туған күнге барған және барлығы науқастанып қалды. Бұл - карантин шараларын сақтамау жұқтырып алу тәуекелін күрт арттыратындығын және отбасы ішінде бәріне жұғуы мүмкін екендігін білдіреді», - деді бүгін еліміздің бас санитарлық дәрігері Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Сонымен қатар ол үйлердің және оларға кіреберістердің карантинге жабылуына қатысты сауалға жауап берді. «Бастапқыда біздің бірде-бір нормативтік-құқықтық актімізде, оның ішінде бас санитарлық дәрігердің қаулыларында үйлерге кіреберістерді жабу қарастырылмаған еді. Әрине, жақын байланыста болғандардың, ықтимал байланыста болғандардың барлығы анықталады. Бұған қоса, бұл байланыста болғандардың барлығы үй карантинінде отырады. Бірақ, біз кіреберістерді жабу туралы ешқандай шара қабылдаған емеспіз», - деді Айжан Есмағамбетова.