Мемлекеттік деректер базасына өзгеріс енгізгендер сотталды
Мемлекеттік деректер базасына өзгеріс енгізгендер сотталды
204
оқылды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді заңсыз түрлендіруге қатысы бар адамдардың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі. Атап айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Е-Лицензиялау» мемлекеттік базадағы мәліметтерді (Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының аса маңызды нысаны) түрлендіру жолымен заңсыз лицензиялар берудің қылмыстық схемасын ұйымдастырған адамдар әрекетінің жолын кескен. Қылмыстық әрекет белгілерін «Қазақстанның Киберқалқаны» жүйесі шеңберінде құрылған «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жедел ақпараттық қауіпсіздік орталығы тіркеген. «Жедел-іздестіру іс-шараларын ҰҚК қызметкерлерімен бірге «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның техникалық мамандары бірлесіп жүргізді. Кешенді компьютерлік-техникалық сараптаманың нәтижесі бойынша «Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді түрлендіруге қатысты күдікті адамдардың кінәсі толық дәлелденді», - делінген хабарламада. 2020 жылдың 10 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының шешімімен сотталушылар Қылмыстық кодекстің 206-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру) бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жазаланған. Сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға байланысты квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым иелену құқығынан 2 жылға айырылды. Үкім заңды күшіне енді.