Алматыда тағы 57 адамнан коронавирус анықталды
Алматыда тағы 57 адамнан коронавирус анықталды
© inform.kz
154
оқылды
ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша Алматыда  тағы 57 адамда COVID-19 вирусы анықталды. Тіркелген жағдайлардың ішінен 42 адам вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болғаны үшін профилактикалық тексеруден өту кезінде, 15 адамнан скрининг нәтижесінде анықталды. Олардың барлығы қаланың жұқпалы аурулар стационарларына жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес ем алуда. Ошақтарда дезинфекциялық шаралар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қала бойынша коронавирусты жұқтырған 1966 адам тіркелді, оның 1092-сі сауығып шықты. Індеттен айыққандардың ішінде дәрігерлер де бар. Науқастардың емделіп шығуына жатпай-тұрмай атсалысып жатқан ақ халаттыларға әріптестерінің айтар алғысы зор. Алматыда 8 мыңнан астам дәрігер күнделікті коронавируске қарсы күрес жүргізеді. Дегенмен індет толығымен жойылған жоқ. Ал жаңа типтегі вирус аса қауіпті болғандықтан, мамандар сақтық шараларына ерекше көңіл бөлу керектігін айтады.

«Бізге 50 жасқа толмағандар жеткізіледі. Көп жағдайда ауру еш белгі бермей өтеді. Басқа жері ауырмайтындар да індетті жеңіл өткереді. Ал егде жастағы адамдарда жағдай басқаша. Қант диабеті, бүйрек, өкпе және жүрек созылмалы аурулары бар жандарға қиын түседі», – деді  И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Утағанов.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ