Түркістанда журналистердің спорттық додасы басталды
Түркістанда журналистердің спорттық додасы басталды
242
оқылды

14 маусымда Түркістан қаласында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай журналистер арасында достық пен əріптестікті ту еткен дәстүрлі спартакиада басталды.

Жыл сайын ұйымдастырылатын жарысқа биыл Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы БАҚ өкілдерінің 15 командасы қатысып отыр.

Кәсіби мереке қарсаңында журналистер  волейбол, жүзу, шахмат, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, үстел тенисі, жеңіл атлетика, бильярд, шағын футболдан өзара күш сынайды.

Жарыстың волейбол, жүзу, шахмат, арқан тартыс түрлері Түркістан қаласында өтсе, қалған 5 түрі бойынша Шымкент қаласында ұйымдастырылады.

Басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестер арасындағы шығармашылық және достық қарым-қатынастарды нығайту, бұқаралық спортты дамыту.

Спартакиада Қазақстан Журналистер одағы Түркістан  облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының ұйымдастыруымен өтуде. Сондай-ақ спорт сайысына Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы, Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетуде.

Бұл спартакиаданың жөні бөлек. Себебі ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдары әріптестердің басын қосып, сайысты қос шаһарда өткізуді жөн деп тапты.

Шараның салтанатты ашылуында Түркістан облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Полат Қырықбаев ұйымдастырылып отырған шараның маңызына тоқталды.


Сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев:

«Биыл Елбасы Жарлығымен Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толып отыр. Осы аз уақыттың өзінде облыста көптеген жұмыстар атқарылды. Түркістан қаласында халықаралық талапқа сай ғимараттардың құрылысы жүріп жатыр. Ал бүгін киелі шаһарда журналистер арасындағы спартакиада басталды.

Биылғы дүбірлі додаға Түркістан облысы мен Шымкент қаласының БАҚ өкілдері бірге қатысып отыр. Бұл – бірлік пен ынтымақтың белгісі», – деді Бейсенбай Даулетұлы.

Сайысты өткізуге Түркістан облысы әкімдігі шәне Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілуде.

Ардагер журналист Байдулла Қонысбек пен Түркістан қаласының құрметті азаматы ардагер-қаламгер Нұрмахан Назаровтар ойыншыларға спорттық додада сәттілік тілеп, журналистика саласындағы осындай шаралардың жыл сайын тұрақты өткізіліп жүргеніне тоқтап, ризашылықтарын білдірді.

Келесі кезекте Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова жарыстың ашылуымен құттықтаса, Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай да лебізін білдіріп, спорттық шараның ойын шарттарының ережесін мәлімдеді.

Ақсақалдардың ақ батасынан соң спорттық ойын додасы қызып сала берді.

Айта кету керек, Түркістан төрінен бастау алған спартакиада 16 маусымда Шымкент қаласында қорытындыланбақ. Жеңімпаз командалар мен журналистер арнайы марапаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болады.

Жарыс Түркістан қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде бастау алды.