Шымкентте #BizBirgemiz республикалық акциясы аясында Nur Otan партиясының белсенді мүшелерінің демеушілігімен қайырымдылық шарасы өтті.
Қасиетті Рамазан айындағы Ораза айт мерекесі қарсаңында халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын қолдау мақсатында Шымкенттегі 1 000-ға жуық мұқтаж отбасыға азық-түлік жиынтығы үлестірілді.
«Өздеріңіз білесіздер, Тұңғыш Президент, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен #BizBirgemiz қоры құрылған болатын. Республикалық қордың көмегімен Шымкент қаласындағы аз қамтылған 41 630 адамға 50 мың теңгеден көмек қаржы берілді. Сонымен қатар Шымкенттегі филиал тарапынан аймақтық қор құрылып, бүгінгі таңда 7 500-ге жуық мұқтаж жандарға түрлі көмек берілуде», – деді Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.
Азық-түлік себеттерінің алғашқы партиясы Еңбекші ауданына қарасты Елтай ауылына жөнелтілді. Естеріңізде болса, 13 сәуір күні қатты жауған нөсерден Елтай ауылында 110 үйдің ауласына, 32 үйдің ішіне су кірген болатын. Партияның бұл жолғы азық-түлік жиынтығы осынау су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға таратылды. «Ауылымызды су басып, қиналып қалған кезде бүкіл әкімдік қызметкерлері, солдаттар, Nur Otan партиясының басшылығы келіп, жәрдем беріп жатты. Қаншама техника келді. Міне, тағы да азық-түлікпен көмектесуде. Ел басына күн туған сәтте қолдап отырған билікке, партия басшылығына айтар алғысымыз шексіз» дейді Елтай ауылының тұрғыны Батпа Қалтаева. Nur Оtan партиясы белсенділері, Jas Otan Жастар қанатының жастары мен еріктілері аталған азық-түлік себеттерін 3 күн ішінде тұрғындарға жеткізіп бермек.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы