«Гамлет рөлін әлі де шыңдауым керек» – актер Дәурен Серғазин
«Гамлет рөлін әлі де шыңдауым керек» – актер Дәурен Серғазин
793
оқылды
21 мамыр – Мәдениет және өнер қыз­мет­керле­рі­ күні. Мереке қарсаңында театр және кино актері Дәурен Серғазинмен әңгімелестік. Театр­мен тыныс­тап, өнерден маржан терген ак­тер төтенше жағ­дай көп нәрсеге көзқарасты өз­герт­кенін атап өтті. Алдағы жоспарымен бөлісіп, қызық оқиғасын айтып берді. – Дәурен аға, мереке құтты бол­сын! Осы орайда мәдениет және өнер қызметкерлерінің қо­ғам­­дағы маңызына тоқталсаңыз. – Рақмет! Кез келген маман­дық иесі ел дамуына үлес қосады. Соның бірі – мәдениет және өнер қызметкерлері. Олар күнделікті өмірімізді әнмен, бимен, күймен әрлеп, сұлу сөзбен сурет салады. Қылқаламмен ғалам ғажаптарын бейнелеп, шығармашылық ар­қы­лы қоғамды көркейтеді. Нәти­же­сінде, елімізді әлем танып, Қазақ­стан қанатын кеңге жаяды. Осы орайда әрбірінің сіңірген еңбегі, маңызы, рөлі зор. – Театр мен киноны қатар алып жүру қиын емес пе? Қайсысы оң жам­басқа келеді? – Өнер жолы қиын да қы­зық­ты жол. Маған театр да, кино да қызық. Қиындығымен қызықты. Оңай тұсы да бар. Театрдан ал­ма­­ғанымды кинодан, кино бер­ме­генді театрдан табамын. Мен үшін екеуі де қымбат. – Театрда жаныңызға жақын рөл бар ма? – Театрда болсын, кинода бол­сын өзіме кез келген рөл ыстық. Өйткені оған бар уақытыңды жұм­­сайсың. Күш-жігеріңді сала­сың. Сол үшін сомдаған рөл­де­рім­ді бөліп-жармаймын. – Дегенмен рөлге кірудің өзін­­дік қиындығы бары белгілі. Қай рөлді сомдар алдында әуре-сар­саң­ға түстіңіз? – Театрға келсек, жақында «Гам­лет» спектаклін қойдық. Сол жерде Гамлетті сомдаймын. Сол рөл маған тәжірибемдегі ең қиын рөлдің бірі болды. Әлі күнге рөлді же­тілдіріп жатырмын. Уақыт бө­ліп, төселе түсуім керек. Гамлет рөлі психологиялық, физикалық тұрғыдан, техникалық жағынан қиын болды. Өз басым кез келген рөлге жеңіл қарамаймын. Қиын жағын іздеймін. Киноға келсек, физика жағынан қиындық ту­май­­ды. Көбінесе рөлді сомдау үшін ішкі жан дүниеңмен арпа­лысасың. Маған Шәмшінің рөлі, дайындығы қиын болды. Ал тү­сі­рі­лім барысы тұрғысынан алып қа­расақ, кейінгі кезде түс­кен «Қаз­бат» фильмі оңайға соқ­пады. – Өнеріңізге, өзіңіз бен отба­сы­ңызға карантин қалай әсер етті? – Өмір атты пойыз аялдамаға тоқ­тап, кідіріс жасады. Біз сыртқа шығып, таза ауамен демалып, өткенге көз жүгірттік. Төтенше жағ­дай өз-өзіме келіп, іштей сұх­бат алуыма мүмкіндік беріп, ма­мыражай күй сыйлады. Карантин ке­зінде отбасымызбен ауылға бар­дық. Көктемдегі ауыл тыны­сы­на үңіліп, құстың үніне құлақ түрдік. Ауыл­ға бармағаныма көп болып еді. Азан-қазан тірлікке арала­сып, мау­қымды басып қайт­тым. – Әлеу­мет­тік же­ліде бел­сен­­дісіз. Жан­­күйер­лерден жиі хат келетін болар? – Әлеуметтік же­­­ліде көрермен ле­­­бі­зін білдіріп жа­­та­­­ды. Instagram мен WhatsApp-қа сан түрлі хат келеді. Біреуі сынын айт­са, бірі мақтауын асы­рады. Даттау мен мақ­тау – үйреншікті жайт. Мұн­дайға еті­міз үйре­ніп кеткен. – Шығармашы­лы­ғыңызда нендей жа­ңа­лық болып жатыр? – Алда жаңа спек­та­к­ль­дер қоя­мыз. «Гам­лет­­тің» өзін бір рет қана сахналадық. Кем-кетігін толық­ты­рып, көрермен назарына ұсынамыз. Театр маусымы жабыл­ған жоқ. Тек карантин кезінде спектакльдер бол­мады. Әлі де не болары бел­гісіз. Осы маусым ашылмаса, күзде жаңа маусымды бастаймыз. Жазда фильмдердің түсірілім жұмыстары жанданады деп ой­лай­мын. Бірақ қандай кино бо­латынын нақты айта ал­май­­мын. – Мәдениет және өнер қыз­мет­керлеріне айтар жылы лебізіңіз болса, мархабат! – Ең бірінші, денсаулық ті­лей­­мін. Әрбір адамға жұмыс істеу үшін, ары қарай жылжу үшін денсаулық керек. Әріптес­те­рімде жаңа, тың ой тусын. Ізде­­ністерін жалғастырар сар­қыл­мас қуат тілеймін. Өнер мен өмірде, қызметте өр­леп, биікті ба­ғын­дырсын. Шығарма­шы­лық­та бөлісер жаңалық көбейсін. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ