Алматы қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, шаһарда өткен 4 айдың қорытындысы бойынша тіркелген жазатайым оқиғалардың саны 28,4% азайған. Жыл басынан бері барлығы 765 жазатайым оқиға тіркеліп, соның салдарынан 23 адам қайтыс болды, 884 адам жарақат алды.
«Апаттар санының азаюы «Сергек» АПК бейнебақылау камераларын орнатумен байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта Алматыда 404 «Сергек» камерасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін қосымша 380 камераны (210 жол қиылысы, 170 сызықты аймақтарда) орнату жоспарлануда. Осы жылдың 4 айында «Сергек» АПК камераларында 60 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы анықталды. 436 миллион теңгеден астам сомада айыппұл салынды. Сондай-ақ, қалада 105 посттан тұратын «БДД» ААЖ құрылды. Камералар орнатылған жерлерде жыл сайын жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы 20%-ға төмендеуде. Өткен 4 айда «БДД» ААЖ 77 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты анықтады. 394 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қанат Таймерденов.
Жыл басынан бері қала жолдарында 214 506 жол ережелерін бұзу фактілері анықталды. 1 миллиард 267 миллион 533 мың теңге айыппұл салынды.
«Барлығы 76 648 ереже бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 74 479 жүргізуші, 276 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған. Сот 379 жүргізушіні көлік құралын басқару құқығынан айырды. 235 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды», - деді Қанат Таймерденов.
Сондай-ақ тұрғын үйлердің аулаларындағы тәртіпті қаладағы патруль қызметкерлерінің тең жартысы қадағалайтын болады. Қанат Таймерденовтің
айтуынша, Алматы полициясы жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Патрульдік полиция полкі құрамының 50% қаланың көшелері мен аулаларына бағыттау туралы шешім қабылдады.
«102 патрульдік аймақ анықталды. Қалада жалпы 2020 патрульдік бағыт жасалған, олардың 478-іне шолғындау автокөлікпен, 1487-іне жаяу жүргізіледі. 550 бағыт бойынша екі ауысымда 2 мыңнан астам полиция қызметкері күн сайын қоғамдық тәртіпті күзетеді. Жаяу патрульдеу енгізілген сәттен бастап аталған аймақтарда қылмыстарды тіркеу 16,5% азайды», - деді Қанат Таймерденов.
Сонымен қатар ол тәртіпті сақтауға 1 қоғамдық құрылым мен әртүрлі ұйымдардың 7 командасы қатысатынын атап өтті. Олардың көмегімен 39 қылмыс ашылып, 4 214 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ