Алматыда 25 мамырдан Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын қайта бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келген жағдайда бұдан бұрын жабылған азық-түлік базарлары мен әмбебап базарларының азық-түлік қатарлары қызметіне қойылған шектеулерді кезең-кезеңмен алу да жоспарда бар.
Шектеулер алынғаннан кейін 5 Арнайы ХҚКО, 2 Миграциялық қызмет көрсету орталығын және 2 Цифрлық қызмет көрсету орталығын қоса алғанда 16 фронт-офистің қызметі қайта басталады. Сол кезде 1600-ден астам адам, оның ішінде клиенттермен тікелей байланыста жұмыс істейтін 933 фронт-офис қызметкерлері жұмысқа оралады деген болжам бар.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа тұжырымдамасына көшуге байланысты нысандар эпидемияға қарсы барлық санитариялық режимді қатаң сақтау, әлеуметтік қашықтық және адамдар ағынын реттеу секілді шараларды сақтай отырып жұмыс істейтін болады.
Сол кезде базарларды ашу қаладағы эпидемиологиялық жағдайға және нысандардың әзірлігіне байланысты кезең-кезеңмен іске асырылады.
25 мамырдан бастап карантин басталғанда жабылған азық-түлік және әмбебап базарларына қойылған шектеулерді алу жоспарланып отырғанын айттық. Алайда, соңғысына әзірше, азық-түлік бөлігіне ғана жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Ал азық-түліктік емес базарлардың жұмысын 1 маусымнан қайта бастау жоспарланып отыр. Нысандарды ашуға олардың әзірлігіне міндетті бағалау жүргізілгеннен кейін ғана рұқсат етіледі.
Облыста тұратын қызметкерлерге қалаға кіруге және қаладан шығуға рұқсат берілді. Қалаға кірудің міндетті шарты – олардың деректерін almaty.infokazakhstan.kz. базасына енгізу. Нысандарды тіркеу олар жұмысқа баруға рұқсат алғаннан кейін мүмкін болады.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ