Республикалық Birgemiz акциясы аясында Қостанайға Түркістан облысынан 18 тонна қырыққабат жеткізілді.
Түркістан облысындағы жағдайға байланысты қостанайлық кәсіпкерлер Мақтаарал ауданына көмек ретінде 20 тонна ұн жіберген болатын. Гуманитарлық көмекті жеткізуге жергілікті Salamat және «Атамекен-Дос» ЖШС қаржы бөлді. Кәсіпорын қоймаларында партияның волонтерлары мен белсенділері ұн тиеп, діттеген мекенжайға жеткізді.
– Қостанай облысынан барған ұн мақтааралдықтарға таратылды. Жүк көлігі Қостанай облысына жетті. Оның үстіне, бос келген жоқ. Сарыағаш ауданы Төңкеріс ауылының тұрғындары Қостанай облысының аз қамтылған отбасылары үшін 18 тонна қырыққабат беріп жіберді, – делінген Nur Otan партиясының баспасөз хабарламасында.
Түркістаннан келген қырыққабат енді жергілікті елді мекендердегі аз қамтылған отбасыларға үлестіріледі. Қалалар мен аудандардағы филиалдар жағдайы төмен отбасылардың тізімін жасайды.