Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов Павлодар ауданы Новочерноярка ауылына барып, ондағы қазандықтың жұмысымен танысты.
Осы жылдың 18 ақпанында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Әбілқайыр Сқақовпен бірге жергілікті тұрғындармен кездескен болатын. Сол кезде ауыл тұрғындары 16 көппәтерлі үйлерде орталық жылу жүйесінің жоқтығын айтып шағымданған еді.
Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы жаңа қазандық құрылысындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, кешенді аралады.
Биылғы жылы қазандық бірқатар үйлерді, әлеуметтік нысандарды және жеке секторды жылумен қамтамасыз етуі қажет. Бұдан басқа, аталған ауылда су құбырының құрылысы басталды. Оны биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Тексеріс барысында Әбілқайыр Сқақов жергілікті әкімдік пен мердігер ұйымдардың жұмысы және жоспарларымен егжей-тегжейлі танысып, оларға бірқатар тапсырма берді. Ол сондай-ақ кездесу соңында партия тарапынан ауылдағы салынып жатқан барлық құрылыстарға тұрақты бақылау жүргізіп отыратынын жеткізді.