Құланның қасуына – мылтықтың басуы
Фейк ақпараттар мен конспирологиялық деректердің таралуына коронавирустың пайда болуы, 5G желісін енгізу туралы ресми мәліметтердің тарауы, Мәжілісте денсаулық сақтауға қатысты кодекстің талқыланып, онда трансплантация, вакциналау тәрізді өзекті мәселелердің көтерілуі, Билл Гейтстің ДДСҰ-ға мол қаржы аударуы тәрізді бірқатар факторлар бірден әсер етті. Оның үстіне Елбасы Н.Назарбаевтың өз өкілеттілігін тоқтатқанына бір жыл толатын тұста ел ішін кезген қауесетке «билікте түрлі өзгерістер болады» деген тың «жаңалық» қосылды да, «мемлекет бұқараны наразылық танытпасын деп карантинге қамады» деген сөз шықты. Сөйтіп, бірнеше фактордың сәйкес келуінің кесірінен коронавируспен ілесе келген қауесеттер өршіп кетті. Алайда іс жүзінде біз сөз еткен әңгімелер әртүрлі мазмұндағы дүниелер еді. Егер тарқатып айтар болсақ коронавирус 2019 жылдың желтоқсан айының соңында пайда болса, 5G технологиялары туралы әңгіме елімізде былтыр басталған, алғашқы сынақтар 2019 жылдың қазанында жүргізілді. Ал денсаулық сақтау саласына қатысты жаңа кодекс жобасы өткен күзден бері Парламентте талқыланып, түрлі қоғам өкілдері оған қатысты өз ұстанымдарын білдірген еді. Ондағы трансплантология, вакцина жасау тәрізді өзекті мәселелер былтырдан бері дау-дамайдың тақырыбына айналған. Одан бөлек, вакцина жасау ісінің бұрыннан қастандық теориясына қатысты әңгімелердің өзегі болып жүргенін ескеру керек. Қазақстанда екпе салғызудың пайда-зияны туралы дау кемі он жыл бойы талқыланып келе жатқан шығар. Онда «үшінші, төртінші ұрпақ бедеу болады», «екпе алпауыт фармацевтикалық холдингтердің жобасы, пайда жоқ», «екпе салғызбағандар ауырмайды, организм өзі күреседі» дегендей сансыз уәж айтылатын. Яғни бұл әңгіме коронавирустан бұрын да бар еді. Ал америкалық миллиардер Билл Гейтстің конспирология тақырыбы қоғамдағы түрлі қауесетке айналуына 2015 жылғы бір видео мен миллиардер басқаратын қордың COVID-19 вирусына қарсы вакцина жасауға қаржы бөлетінін айтқаны себеп болды. Сөйтіп, әлемді қайдам, Қазақстандағы «қастандық теориясы» әңгімелеріне бірнеше фактор әсер етті. Ал ресми медиа бұл қауесеттерді әлі күнге жеңе алар емес. Әлеуметтік желілердің ықпалы күшті болып тұр.Мессенджер медиа мен танымал тұлғалар
Негізі қоғамда түрлі қауесеттердің тарауында мессенджер медиа ықпалының өте күшті болатынын байқап жүрміз. Aiqyn газеті бұл тақырыпқа қатысты да бірнеше мақала жариялаған болатын. Алайда әзірге мессенджерлердің ықпалын әлсірету мүмкін болмай тұр. Коронавирус кезінде де мессенджерлер өз әсерін тигізді. Әсіресе, WhatsApp арқылы тарайтын ақпараттарға бұқара имандай сенетін болған. Шамасы жалпыға емес, жалқыға, тікелей адамның өз нөміріне келген хабарды пенде тікелей қабылдайды-ау. Яғни, іштей «міне, маған жаны ашығандықтан жіберді, өзгелерден бұрын маған келді» деп сенетін болса керек. Болмаса әрқайсымыздың санамыздың түбінде жатқан атақты болуға деген құлшыныс өз дегенін жасатуы мүмкін. Яғни, өзгеден гөрі өзіміздің білімді, құпия ақпараттар алу мүмкіндігіміз бар екенін көрсетіп қалғымыз келеді. Бәлкім, содан іштей ләззат аламыз ба, қайдам әйтеуір мессенджерлер арқылы қауесет таратудан тартынбайтын кездеріміз көп. Кейде қауесет таратудың жауапкершілігі бар екенін ұмытып кетеміз. Әрі конспирологиялық әңгімелерді таратуға да құмартып тұрамыз. Кейде жұртты жақсылыққа үндегендей сыңай танытамыз да, ол керісінше болып шығады. Әдетте мұндай қақпанға танымал тұлғалардың түсіп қалатыны бар. Мәселен, әнші Нұрлан Еспанов өткен айда «коронавирус жоқ, ол қолдан жасалған дүние. Даурығудың керегі жоқ. Шетелдегі достарым да бәрінің тыныш екенін айтты. Ешкім маска тағып жүрген жоқ. Сондықтан азық-түлікті таласа алудың керегі жоқ. Вирус тамаққа, ұнға жұқпайды ғой. Кейін де алуға болады» деген еді. Кейін әнші өзінің сөзінен бас тартып, мұндай пікірді адамдар дүрлігіп, супермаркеттерге ағылған соң айтқанын алға тартты. «Бұл видеода менің айтайын дегенім, елді дүрліктірмеу еді. Ол бұрын түсірілген видео. Ол кезде елімізде коронавирус кең тарамай тұрған. Менің әйелім Маgnym сауда орталығына барып, әрең азық-түлік алғанын айтты. Ел көп, кезектесіп, таласып, бәрін алғанын айтты. Бір досым үйіне 5 қап ұн алып қойыпты. Өзі 1 бөлмелі пәтерде тұрады. Ұнды кейін де алса болар еді ғой. Мен соның бәріне тоқтау салып, елді шошымасын, дүрлікпесін деген ниетпен айтқан едім» деген-ді әнші. Алайда әнші ақпараттың қазақ қоғамындағы әсерін аңғармай қалған тәрізді. Біздің елде ең бірінші тараған ақпараттың әсері өте мықты болады. Оны кейін өзгерту тым қиын. Мәселен, 2012 жылы Арқанкерген шекара бекетінде болған оқиға кезінде алдымен сарбаздарға сырттан шабуыл жасалуы мүмкін деген ақпарат тараған. Кейін В.Челах мойындаса да, ел ішінде күмән сейілмей қалды. Оның үстіне, конспирологияға құмарлығымыз тағы бар. Тіпті, бір-біріне қатысы жоқ мәселелерді де өзара байланыстырып жібереміз. Мәселен, айтыскер ақын Балғынбек Имашев мамырдың ортасында Халық денсаулығы туралы кодекс Мәжілісте мақұлданған соң вакцина жасауды міндеттеуге наразылығын білдірді. Бірақ оған да коронавирус тақырыбын қосып жіберген. «Енді құрамы белгісіз, сапасы белгісіз, шетелден келетін екпелердің жартысы ерікті, жартысы мәжбүрлі түрде міндетті болады! Әншейін ғана гриптің бір түріне COVID-19 деп айдар тағып, әлемді дүрліктіріп пандемия жариялаудың мақсаты да осы болатын. Әлемді үрейлендіру! Әлемді кедейлендіру! Әлемді басқару! Әлемді вакцинациялау! Әлемді құл қылу! Жоқ, маскалы мырзалар!!! Біз сіздерден емес, құдайдан қорқамыз! Бізге Ризықты Алла береді! Көк пен Жердің Раббысы Алла, оған ерікті, еріксіз түрде барлық жан иелері бағынады! Вакцинацияға қарсымыз, күштеп салдыруды қылмыс деп білеміз! Біз әлемдердің Раббысына ғана құлшылық етеміз һәм жәрдем тілейміз!» деп жазды. Сөйтіп, ақын елдегі конспирологиялық әңгімелерге отқа май құйғандай әсер еткен жайы бар. Ақынның Instagram-дағы парақшасына 95 мың адамның жазылғанын ескерсек, танымал адамдардың қауесет таратуының зардабы да мол болуы бек мүмкін. Дегенмен конспирология үшін адамның танымал болу-болмауы маңызды емес сияқты. Мәселен, Facebook-та Баян Хасанова деген азамат «Қыздар, свежий өсек... Көршім айтты: «Коронавирус жоқ, адамдар өз еркімен аурумын деп тізімге жазылып жатыр екен». Не үшін десе, ақша беретін көрінеді. Күніне 3 000 теңге дей ма, ол жағын точно білмейтін сияқты» деп жазды. Мұндай ақпараттар мессенджерлерде жиі кездеседі. Бәрінің де кері әсері болады.Қауесет салғырттыққа бастап тұр
Конспирологиялық астары бар ақпараттардың пандемияның жайылуына нақты қалай әсер етіп жатқанын дөп басып айту қиын. Алайда мұндай қауесеттер елді немқұрайлылыққа итермелейтінін мойындаған дұрыс. Біз төтенше жағдай режимі алынбай тұрып, жұмыс бабымен Нұр-Сұлтан қаласының бірқатар супермаркеттерін аралағанбыз. Сонда такси қызметін атқарумен айналысып жүрген азаматтардың бетперде тақпайтынын, «ой коронавирус деген жоқ, өтірік әңгіме» деп бет бақтырмай тұрғанын көргенбіз. Ал мұндай адамдар қоғамда өте көп. Тіпті, соңғы кездері сақтық шараларын да ұмыта бастаған тәріздіміз. Әріптесіміз Гүлнұр Қуанышбекқызы қоғамның бейғамдыққа көше бастағанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. «Адам көп болған соң, бір автобусқа отырмадым. Келесісін күттім. Оған маскамды тағып, қолғабымды киіп, кіріп қап ем, жұрттың бәрі маған қарайды. Көбі маскасыз. Көздерінде «Мына қыз жынды ма, коронавирус жоқ қой» деген ой жазылып тұр», – депті Facebook-та. Ал Нұр-Сұлтан қаласының бас дәрігері Сәуле Қисықова адамдар босаңсып, сақтануды әлсіретсе, қаладағы карантин талабы күшейтілуі мүмкін екенін айтты. Әрі қалада жұмысын бастаған кейбір нысандар қайтадан жабылған. Өйткені карантин талабын бұзғандар аз болмай тұр. Біздіңше карантин талабын бұзуға «қастандық теориясы» да әсер етіп жатқан тәрізді. Әйтпесе, бастапқы кезде тәп-тәуір тәртіп сақтап едік. ТҮЙІН:Белгілі ІТ маманы, блогер Тимур Бектұрмен дәл осы тақырып төңірегінде әңгімелескенімізде, ол: «Қастандық теориясына» оқыған-тоқыған, көзі ашық адамдардың сеніп, 5G технологиясы мен коронавирусты, Билл Гейтс пен жаппай чиптендіруді байланыстыратынына таңғалдым. Олардың көзқарастарын өзгерту тым қиын екен» деп еді. Біздің пайымдауымызша, конспирологияға танымал, білімді саналатын, қоғамдық пікірді қалыптастыруда өзіндік рөлі бар адамдардың сенгені қауіптірек болса керек. «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ құлдың аузы дуалы емес» дегендей, олардың айтқанына көп сенеді.
Амангелді ҚҰРМЕТ