Өзбекстан Бас прокуратурасы Сардоба су қоймасы бойынша қылмыстық іс аясында алғашқы күдіктілер ұсталғанын мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша екі адам күдікті ретінде ұсталды, оларға қатысты "қамауға алу" бұлтартпау шарасы қолданылды. Іс бойынша мән-жайды анықтауға кедергі келтірудің алдын алу мақсатында басқа мәліметтер жарияланбайды", - деп хабарлайды Бас прокуратура өзінің Telegram-дағы арнасында.
Жергілікті БАҚ мәліметтері бойынша, ұсталғандардың арасында - су қоймасы нысанын дамыту және пайдалану жөніндегі дирекцияның басшысы бар.
Еске салайық, Өзбекстанда 1 мамыр күні болған жаңбыр мен дауылдан кейін Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгеттерінің бірі жарылған болатын. Апат салдарынан, елді мекендерге, коммуникациялық желілер мен ауыл шаруашылығы алаңдарына үлкен залал тиді. Тұрғын үйлер мен басқа да нысандар су астында қалды.