Экономиканың басты саласының бірі – ауыл шаруашылығы. Әлемге мұнайымен танылған Атырау аймағының бір кездері қарбызбен көршілес Ресей елдің Астрахань қаласының саудасын қыздырғаны өңір тарихынан белгілі. Ал бүгінде Атырау өңірі алма өсіруді дамытып, лимон мен банан өсіруде тәжірибе жинақтап, алғашқы өнімдерін сауда нүктелеріне қойғаны аймақтағы шаруа қожалықтарының агросаланы дамытуға бет бұрғанын көрсетеді.
Атакәсіпті дамытып, Жер-ана ырыздығын молынан пайдалануда тәуекел қадамдар қажет. Жайық жағасын жағалай қоныстанған аймақтың Махамбет, Индер аудандары егін егіп, мал жайлаймын деген жанға өте қолайлы. Кеңес заманында қарбызы мен картобы тау болып үйіліп жататын Махамбет ауданында бүгінде алма өсіру тәжірибесі жақсы дамыған. Биыл алма шырынын өндіру цехы іске қосылады. Бірқатар қожалық алма ағашын өсіруді қолға алуда.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Махамбет ауданының ауыл шаруашылығы жұмыстарын көру үшін ауданға барды. Шаруа қожалықтары мен саладағы кәсіпкерлердің ахуалымен танысқан аймақ басшысы облыс экономикасы үшін агроөнеркәсіп кешенінің маңызы зор екенін айтты.
Аймақ басшысы М.Досмұхамбетов жұмысын көруге барған Махамбет ауданындағы «Дастан» шаруа қожалығы 15 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысады. Бүгінде шаруашылық 125 гектар аумақта көкөніс, бау бақша өнімдерін өсіріп жатыр. Бұдан бөлек, қожалық мал шаруашылығымен, құс өсірумен айналысады. Жылыжайдың жайын меңгерген шаруа қожалық иелері оның игілігін көруде.
«Дастан» шаруа қожалығының директоры Ақтұрлан Ерманов жаңадан жабылған он жылыжай жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Бұрынғы жылыжайлар ағаштан жасалса, биыл металды пайдаланып, жаңадан жабылған он жылыжайды қолданып отырмыз. Мұнда қияр, қызанақ өсіріледі. Шамамен 150 тоннадай өнім береді деген есебіміз бар. Биыл егіс көлемі шамамен 130 гектар болады. 30 гектардай картоп, бақша дақылдары 45 гектар болады деген жоспар бар», – дейді «Дастан» шаруа қожалығының директоры Ақтұрлан Ерманов.
Сапар аясында облыс басшысы «Темірлан – Агро 7661» ЖШС жұмысымен танысты. Бау-бақша, көкөніс өнімдерімен бірге, кәсіпорын биыл алма ағашын өсіруді қолға алмақ. Шаруа қожалығы 55 гектар жерге Италиядан әкелінген көшеттерді отырғызуды жоспарлап отыр. Аудандағы «Рамазан» шаруа қожалығы 2015 жылы отырғызған алма ағашының 8 мың көшетінен өнім алып, биылғы жылы алма шырынын өндіру цехын іске қосқалы отыр.
– Қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығына ерекше басымдық берілуде.
Өңіріміздегі климаттық қиындықтарға қарамастан, біз де аталған саланы қолдауды күшейтеміз. Республикалық және жергілікті бюджеттен субсидиялар бөлу жалғасуда. Биыл мал басы артып, егіс көлемі ұлғайып, жылыжайлар саны артты. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын барынша қолдап, дамыта береміз, – деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов шаруа қожалықтары иелерімен кездесуінде.
Атырау облысының агроөндірістік секторындағы соңғы жылдардағы қарқынды жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр. Әсіресе, егін шаруашылығы саласындағы тың тәжірибелер күткен үмітті ақтап, лимон мен алма өнімдері жергілікті нарықтың сапына шықты. Сол оң динамика бүгін де өз деңгейін көрсетіп отыр.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 11 мың тонна ет, 8,5 мың тонна сүт, 26 млн дана жұмыртқа өндірілді. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, төрт түлік малдың барлық түрі бойынша өсім байқалады.
Өткен жылмен салыстырғанда, дәнді дақыл, бау-бақша өнімдерін егетін аумақ көлемі ұлғайған. Олардың аумағы 9 222 гектарға дейін өседі деп күтілуде. 3 000 гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылды. Тұрғындарды маусым аралығында көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында жылыжай кешендері жұмыс істеп жатыр. Көкөністерді сақтауға арналған қойманың болуы шаруа қожалықтары үшін ұтымды болып тұр.
Елдегі індеттің таралуы қаупіне қарамастан, атыраулық аграрлар 4,5 мың гектар жерге егін екті. Бұл аймақтағы егін алқабының 48 пайызы. Егін егу жұмыстары толықтай келер айдың ортасында аяқталуы тиіс. Елде қандай жағдай болса да, оның экономикасын тұралатуға жол бермейтін шаруаларды ұйымдастыру ауыл шаруашылығы саласын да сынап отырғаны сөзсіз. Дегенмен жергілікті шаруа қожалықтары халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мен өз еңбектерінің үлесін алуды осы бастан ойластыруда. Бұл – елдегі дағдарысты еңсеруге ықпал ететін жол.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы