Елордада карантин режимі жеңілдетілмейді. Қала тұрғындары санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Instagram парақшасында жазылған.
Қала аумағында блокпостар жұмысын жалғастыра береді. Полиция құрамы қаланы күзетіп, кәсіпорындардың санитарлық нормаларды сақтауын бақылап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дәрігерлер, волонтерлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Бүгін қала әкімі Алтай Көлгінов коронавирустың таралуына қарсы әрекет бойынша жиналыс өткізді.⠀
«Карантин режимін жеңілдеткелі бері көшелерде көп адам жүр. Күн сайын жүргізілетін рейд нәтижесі бойынша бәрі бірдей санитарлық норманы сақтамайтыны анықталды: санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамау салдарынан 26 нысан жабылды. Негізінен дәмхана, мейрамхана, қонақ үй және басқалар. 150-ден астам өнеркәсіп ескерту алып, белгілі бір бөлігіне айыппұл салынды», - дейді қала әкімі.
Рейд жүргізу барысында саябақтарда адам көп жиналатыны және маскасын жүретіні анықталған. Бұл инфекцияның кең таралуына әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерлерге ауруды уақытылы анықтап, оқшаулау қиын соғады. ⠀
«Осыған байланысты полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізе беруі керек. Жұмыс істеуге рұқсат етілген компаниялардың жұмысы күн сайын мониторингтен өтуі керек. Санитарлық нормаларды сақтамаған нысандар жабылады. Ауру жұқтыру қаупі әлі бар, қазір босаңситын кез емес», - дейді Алтай Көлгінов.
Ол ең алдымен өзіңнің және жақындарыңның денсаулығына әлеуметтік жауапкершілікпен қарау керек екенін айтты. Өкінішке қарай, коронавируспен ауырғандардың 40% - 18-30 жас аралығындағы, 36% - 30-50 жас аралығындағы адамдар.
«Коронавирусты тұмау сияқты қабылдамау керек. Бұл дерт бұрын созылмалы ауруы болмаған жас адамның денсаулығын санаулы күнде-ақ нашарлатып жіберуі мүмкін. Өзіңді оқшаулау мен санитарлық нормаларды сақтау ғана бұрынғы қалыпты өмірге тезірек оралуымызға көмектесе алады», - дейді ол.