Әлеуметтік желіде төбесіне адам отырғызып, жүріп бара жатқан көліктің видеосы тарады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
22 мамырда әлеуметтік желіде «Тойота» маркалы көліктің Нұр-Сұлтандағы орталық саябақ маңында төбесіне адам отырғызып, жүріп бара жатқаны түсірілген видео пайда болды. Елорда полицейлері көліктің рөлінде 24 жастағы жігіт болғанын анықтады. Ол осылайша жолаушы тасымалдау ережесін бұзған. Оның үстіне, оның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен және сақтандыру полисі жоқ болып шықты. Автокөлік автотұраққа қойылды.
Автомобиль жүргізушісі ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің бес бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Ол жалпы сомасы 125 010 теңге айыппұл төлейді.
Көліктің төбесінде оның 24 жастағы досы болған. Оған қатысты да кодекстің екі бабы бойынша хаттама толтырылған. Салынған айыппұл көлемі - 9 723 теңге.