Мишель Платини тұтқынға алынды
Мишель Платини тұтқынға алынды
5,182
оқылды

2022 жылы мундиальды өткізу мәртебесін Катар елі жеңіп алған

Еуропалық футбол қауымдастығы одағының (УЕФА) бұрынғы президенті Мишель Платини жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен тұтқындалды. Бұл туралы Independent басылымы ақпар таратып отыр.

Француз полициясы бұрынғы әйгілі футболшыны Париж қаласының шет жағында, 18 маусым күні таңертең тұтқынға алған. 2022 жылы футболдан әлем чемпионатын ұйымдастырушылардың ісін зерттеу барысында Платини жемқорлық ісіне араласты деген күдікке ілінген. Еске салсақ, 2022 жылы мундиальды өткізу мәртебесін Катар елі жеңіп алған. Алайда бұл таңдау көпшіліктің күдігін тудырған еді.

Былтыр шілде айында BBC телеарнасы басқа елдердің өтінішін жарамсыз ету үшін Катар билігінің PR фирмалар мен Орталық Барлау Басқармасының көмегіне жүгінгені туралы жария етті. Турнирді өткізу құқығын жеңіп алу үшін олар АҚШ, Оңтүстік Корея, Австралия және Жапониямен бәсекелескен. ФИФА бұл іске қатысты зерттеуді екі жылға жуық уақыт жүргізіп, бірақ кейінірек барлық айыптарды теріске шығарған болатын.

Ал Платини 2015 жылы желтоқсан айында футболға қатысты іспен айналысу құқығынан 8 жылға айырылған еді. Сондай-ақ жемқорлық ісіне байланысты айыппұл да салынған. Кейінірек ФИФА-ның әдеп комитеті 8 жылды 6 жылға дейін қысқартты, айыптарды алып тастады.