Карантинде Көкжайлау шатқалына барғандар түгел жазаланады – әкімдік
Карантинде Көкжайлау шатқалына барғандар түгел жазаланады – әкімдік
204
оқылды
Карантинге қарамай Көкжайлау шатқалына шыққан туристердің бәріне жаза қолданылады. Іле-Алатау ұлттық саябағында рұқсатсыз адамдарды апарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов журналистермен өткізген онлайн брифингте Ұлттық паркке барып, концерт ұйымдастырған туристерге шара қолданылатынын ескертті. Қазір аталған іспен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.
«Көп халық жиналуға тыйым салынған. Бірақ өкінішке орай, бұл мәселенің қауіптілігін адамдар түсінбейді, халықты жинайды. Біз осы  мәселені қолға алдық. Қала әкімі ПД басшысына нақты тапсырма берді, прокуратурада айналысып жатыр. Біз осы азаматтардың үстінен әкімшлік іс қозғаймыз. Егер қажет болса ұйымдастырушылардың үстінен қылмыстық іс қозғаймыз. Ол ұлттық парк, оған рұқсатсыз кіруге болмайды. Концерт өткізіп, қоқыс тастап, кетіп қалыпты. Адамдар маскасыз жүрген», - деді Ерлан Қожағапанов.
Естеріңізге сала кетейік, 24 мамырда Көк-Жайлауда ондаған адам жиналып, карантинге қарамастан мерекелік  шара өткізген. Ерекше қорғаудағы экологиялық саябақ саналатын тау шатқалына туристер қымбат көлікпен барған. Бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері карантин кезінде Алматыдағы Көкжайлау шатқалында болған заңсыздыққа байланысты мәлімдеме жасаған еді. Министрлік өкілдері Көкжайлау  шатқалында жүрген көлік иесіне 100 АЕК мөлшерінде (277 800 теңге) айыппұл салынғанын хабарлады. Ал тергеумен қазір Медеу аудандық полициясы айналысып жатыр.
«Бұл жайт бойынша қазір Медеу аудандық полициясы тексеріс жүргізіп жатыр. Полицияға осы оқиға бойынша 102 пультіне жедел қоңырау дер кезінде түскен жоқ. Бұл жайтты әлеуметтік желілер арқылы білдік. Қоқыс тастағаны үшін және каратин кезінде осындай шара ұйымдастырғаны үшін адамдар міндетті түрде заң алдында жауап береді», - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.