«Армениялық» көлік мінгендер арнайы қаулыға алаңдаулы
«Армениялық» көлік мінгендер арнайы қаулыға алаңдаулы
258
оқылды
20 мамыр күні шыққан Үкімет қаулысы (№306) бойынша Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеуге рұқсат берілетін болды. Аталған құжат 2020 жылдың 1 ақпанына дейін елге кіріп үлгерген көліктерге қатысты. Енді армениялық нөмірлі машина мінгендер 11 946 теңге төлесе болғаны, арнайы нөмірге ие болады. Алайда шетелдік нөмірмен жүрген жүргізушілер қаулыға күмәнмен қарап отыр. Үкіметтің жаңа қаулысына орай, көлік құралын тіркеу осы жылдың 1 маусымы мен 1 қыр­күйегі аралығында жүргізілмек. Еліміздің қалаларында Call-орталықтар құрылып, «Шұғыл желі» жұмысын бастап кетті. Шетелдік көлік иелері алдағы 3 ай ішінде «сары» нөмір тағып үлгеруі тиіс. Ол үшін алдымен тіркеу жарнасын төлейсіз – 695 теңге. Тіркеу куәлігі үшін төлем – 3 473 теңге. Ал мемлекеттік тіркеу нө­міріне төленетін сома – 7 778 тең­ге. Яғни, жиыны 11 946 теңге төлеп, «сары» нөмірді иеленсеңіз, сізге бағ­даршамның «жасыл» көзі жанғалы тұр. Дегенмен рөлі оң жақта ор­наласқан көліктер тіркелмейді. Арнайы нөмір тағылған авто­көлікті екінші адамға сатуға немесе сый­лауға рұқсат жоқ, тек әбден тоз­ған­ша тепкілеп мінесіз. Әйтсе де, армениялық нөмір таққан көлік иелері аталған рұқсатқа күмәні бар. Мәселен, Данияр Бүркіт есімді жүргізуші құжатта көлікті сата алмайтыны жазылғанын, бірақ сыртқа шы­ға­тын болсаң, «сары» нөмірді өткізіп, қайтадан «армениялық нөмірді» тағуың керек деген талаптың түсініксіз болып тұрға­нын айтады. «Егер біз «сары» нө­мірді алып, Армениядан тір­кеуден шығатын болсақ, еш жерде тіркеусіз қалуымыз мүмкін. Өйткені «сары» нөмір ол уақытша тағатын нөмір. Ондай жағдайда біз «болашақта көліктің мүліктік құндылығын жоғалтып, меншіктік құқығымыздан айы­ры­лып қалмаймыз ба?» деген қаупіміз бар», – дейді ол. Айта кетейік, аталған қаулыда ол талап төмендегідей көрсетілген: Қазақстан Республика­сы­ның Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі көлік құра­лын тіркеуді жүзеге асыру ке­зінде Армения Респуб­ли­касының уәкілетті органдары берген көлік құралдарын тіркеу құжаттарының түпнұсқаларын және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін мен­шік иелері сұрағанға дейін сақ­тау­ды және осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген көлік құралдары Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылған жағдайда оларды беруді қамтамасыз етсін.  

ЖАҢА ҚАУЛЫНЫҢ ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІГІ БАР?

Осылайша, «армениялық» нө­мірмен жүрген рөлі сол жағын­дағы автокөліктер (маши­на­лар­­дың 85%-ы) 11 946 теңге тө­­леп, уақытша тіркеуге тұра ала­­­­тыны мәлім болды. Белгілі қар­­­жыгер, Президенттің штат­тан тыс кеңесшісі Олжас Құ­дай­­бергеновтің айтуынша, бұл жеңілдік көлік иелеріне алғаш­қы жа­рнаны, баж салығын және ути­лизациялық алымды төле­меу­ге мүмкіндік береді. Ол өзі­нің Facebook парақшасында «Жалпы, ымы­раға келген шешім!» деп жазды.    width= Иә, айтса айтқандай, шетелдік нөмірмен жүрген азаматтар үшін жоғарыдағы баж салығы мен утилизациялық алым көлемінің өзі көліктің өз құнына бара-бар-тын. Биыл 13 наурызда Премьер-Министр Асқар Маминнің Сенат депутаттарының сауа­лы­­на қатысты жауабында кө­лік иелерінің тіркеуге дайын болмауын төмендегі көрсет­кіш­тер­мен түсіндірген. Ол бойынша: – бастапқы тіркеу үшін тө­ле­­нетін алым сомасының жоға­ры­лығы (автокөліктің жасына байланысты 663 теңгеден 1 325 500 теңгеге дейін); – 2021 жыл­дың 1 наурызына дейін тө­ленуі тиіс утилизациялық алым көлемінің жоғары болуы (қоз­ғалт­қыш көлеміне қарай 397 650 теңгеден 3 048 650 теңге­ге дейін); – елге кіргізілген авто­көліктерге салынатын кеден­дік баж салығындағы айырма­шы­лықты төлеу қажеттігі (әр көлік үшін жеке есептеледі); – маши­на­лардың Кедендік одақтың тех­никалық регламентіне сай бол­мауы (белсенділер шетелдік көліктердің 80 %-ның талапқа сай емесін мойындаған).  

«САРЫ» НӨМІРДЕ НЕ СЫР БАР?

Алайда көлік иелерінің кей­бі­рі өздерін «сары» нөмірмен бө­лек­­теп тастауға келіспейді. Оның орнына барлық қазақстандықтар тағып жүрген мемлекеттік нөмір­ді беруін сұрап отыр. «Егер 11 946 теңге ғана төлетіп, жеңілдік жасап отырған болса, бізге не себепті «сары» нөмірді алыңдар деп міндеттеп жатыр. Бөлектемей кәдімгі нөмір берсе болмай ма? Шыны керек, осы «сары» нө­мір­дің соңында бір шикілік жат­қандай күдіктеніп отырмыз, – дейді бізбен телефон арқылы тілдескен көлік иелері. Жалпы, елімізге ЕАЭО елдерінен кірген автомобильдерге сары түсті арнайы нөмір тағып, «18» саны жазылатыны қаңтар айының соңында айтыла бастаған. Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев елордада өткен брифингте «Еуразиялық эконо­ми­калық одақ елдерінен, оның ішінде Армения мен Қырғыз Республикасынан әкелінген көліктер үшін жеке мемлекеттік нөмір қолданылады» деп мәлім­де­ген болатын. Ресми статистика Қазақстанға Армения, Ресей және Қырғыз Республикасынан 170 мың көлік кіргенін растайды. Шекарадан заңсыз кірген авто­кө­ліктердің тіркелмеуінен ел бюджеті кедендік салықтан түсе­тін 170 млн доллардай қар­жы­дан қағылып отыр. Бұл тұрғы­да одақтас ел Арменияның асы­­­ғы алшысынан түсті. Ар­мян­­­дар шетелдің 189 мың мі­­ніл­ген машинасын ЕАЭО мем­ле­кеттеріне сатып, 95 млрд драм (200 млн доллар) пайда тап­қан. Өйткені аталған одақ­қа бізден кейін қосылған Арме­ния үшінші елдерден келетін авто­көлікке салынар кеден салы­ғына байланысты 2020 жылға дейін жеңілдік алған. Биыл бұл жеңілдік алынып тас­тал­ды. Әйтсе де, 2015 жылдан бас­­тап оны сәтті пайдаланған армян алыпсатарлары арзанға келген көлікті одақ нарығына шы­ғарып, мол пайдаға кенелді. Армениялық автокөлік мініп жүрген азаматтар биылша көлік салығын Арменияда төлеп қой­ған болса, біздегі салықтан боса­­тылады. Яғни, қыркүйекке дейін 11 946 теңге төлеп уақытша тір­кеу­ден өткен соң барып, «сары» нөмір таққандар 2021 жылы көлік салығын өз елімізде төлейді. – 24 қаңтар күні Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шетелден кіргізілген көлік иелерінің мәселесін ше­шуді тапсырған болатын. Аталып отырған Үкімет қаулысы сол тап­сырманың нәтижесі, – дейді ішкі істер министрлігінің өкілдері. Десе де, көлік иелері өздері та­ра­пынан айтылған уәждер еске­ріл­мей қалғанын айтуда. «Пре­зидент Үкіметке шетелдік нөмірмен жүрген азаматтардың уәжін ескере отырып, шешім шығарыңдар деп тапсырма берді. Осыдан кейін eGov.kz порталында осы мәселе талқыланғанда көлік иелерінің 80%-ы «сары» нөмірді алмаймыз, кәдімгі нөмір берілсін деп ойымызды жаздық. Бірақ ол ескерілмей отыр», – дейді көлік иесі Данияр Бүркіт. Ресми дерек бойынша, елі­міз­де тек армениялық нөмірмен жүрген көліктердің саны 22 мың­нан асады. Аталған Үкімет қау­лысы көлік иелеріне 1 қыр­күйек­ке дейін тіркеуге тұрып, «сары» нөмір алуды міндеттейді. Ал кө­лік иелері арнайы нөмірді алуға аса ынталы емес.  

Бауыржан БАЗАР