20 мамыр күні шыққан Үкімет қаулысы (№306) бойынша Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеуге рұқсат берілетін болды. Аталған құжат 2020 жылдың 1 ақпанына дейін елге кіріп үлгерген көліктерге қатысты. Енді армениялық нөмірлі машина мінгендер 11 946 теңге төлесе болғаны, арнайы нөмірге ие болады. Алайда шетелдік нөмірмен жүрген жүргізушілер қаулыға күмәнмен қарап отыр. Үкіметтің жаңа қаулысына орай, көлік құралын тіркеу осы жылдың 1 маусымы мен 1 қыркүйегі аралығында жүргізілмек. Еліміздің қалаларында Call-орталықтар құрылып, «Шұғыл желі» жұмысын бастап кетті. Шетелдік көлік иелері алдағы 3 ай ішінде «сары» нөмір тағып үлгеруі тиіс. Ол үшін алдымен тіркеу жарнасын төлейсіз – 695 теңге. Тіркеу куәлігі үшін төлем – 3 473 теңге. Ал мемлекеттік тіркеу нөміріне төленетін сома – 7 778 теңге. Яғни, жиыны 11 946 теңге төлеп, «сары» нөмірді иеленсеңіз, сізге бағдаршамның «жасыл» көзі жанғалы тұр. Дегенмен рөлі оң жақта орналасқан көліктер тіркелмейді. Арнайы нөмір тағылған автокөлікті екінші адамға сатуға немесе сыйлауға рұқсат жоқ, тек әбден тозғанша тепкілеп мінесіз. Әйтсе де, армениялық нөмір таққан көлік иелері аталған рұқсатқа күмәні бар. Мәселен, Данияр Бүркіт есімді жүргізуші құжатта көлікті сата алмайтыны жазылғанын, бірақ сыртқа шығатын болсаң, «сары» нөмірді өткізіп, қайтадан «армениялық нөмірді» тағуың керек деген талаптың түсініксіз болып тұрғанын айтады. «Егер біз «сары» нөмірді алып, Армениядан тіркеуден шығатын болсақ, еш жерде тіркеусіз қалуымыз мүмкін. Өйткені «сары» нөмір ол уақытша тағатын нөмір. Ондай жағдайда біз «болашақта көліктің мүліктік құндылығын жоғалтып, меншіктік құқығымыздан айырылып қалмаймыз ба?» деген қаупіміз бар», – дейді ол. Айта кетейік, аталған қаулыда ол талап төмендегідей көрсетілген: Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі көлік құралын тіркеуді жүзеге асыру кезінде Армения Республикасының уәкілетті органдары берген көлік құралдарын тіркеу құжаттарының түпнұсқаларын және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін меншік иелері сұрағанға дейін сақтауды және осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген көлік құралдары Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылған жағдайда оларды беруді қамтамасыз етсін.
ЖАҢА ҚАУЛЫНЫҢ ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІГІ БАР?
Осылайша, «армениялық» нөмірмен жүрген рөлі сол жағындағы автокөліктер (машиналардың 85%-ы) 11 946 теңге төлеп, уақытша тіркеуге тұра алатыны мәлім болды. Белгілі қаржыгер, Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, бұл жеңілдік көлік иелеріне алғашқы жарнаны, баж салығын және утилизациялық алымды төлемеуге мүмкіндік береді. Ол өзінің Facebook парақшасында «Жалпы, ымыраға келген шешім!» деп жазды.«САРЫ» НӨМІРДЕ НЕ СЫР БАР?
Алайда көлік иелерінің кейбірі өздерін «сары» нөмірмен бөлектеп тастауға келіспейді. Оның орнына барлық қазақстандықтар тағып жүрген мемлекеттік нөмірді беруін сұрап отыр. «Егер 11 946 теңге ғана төлетіп, жеңілдік жасап отырған болса, бізге не себепті «сары» нөмірді алыңдар деп міндеттеп жатыр. Бөлектемей кәдімгі нөмір берсе болмай ма? Шыны керек, осы «сары» нөмірдің соңында бір шикілік жатқандай күдіктеніп отырмыз, – дейді бізбен телефон арқылы тілдескен көлік иелері. Жалпы, елімізге ЕАЭО елдерінен кірген автомобильдерге сары түсті арнайы нөмір тағып, «18» саны жазылатыны қаңтар айының соңында айтыла бастаған. Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев елордада өткен брифингте «Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен, оның ішінде Армения мен Қырғыз Республикасынан әкелінген көліктер үшін жеке мемлекеттік нөмір қолданылады» деп мәлімдеген болатын. Ресми статистика Қазақстанға Армения, Ресей және Қырғыз Республикасынан 170 мың көлік кіргенін растайды. Шекарадан заңсыз кірген автокөліктердің тіркелмеуінен ел бюджеті кедендік салықтан түсетін 170 млн доллардай қаржыдан қағылып отыр. Бұл тұрғыда одақтас ел Арменияның асығы алшысынан түсті. Армяндар шетелдің 189 мың мінілген машинасын ЕАЭО мемлекеттеріне сатып, 95 млрд драм (200 млн доллар) пайда тапқан. Өйткені аталған одаққа бізден кейін қосылған Армения үшінші елдерден келетін автокөлікке салынар кеден салығына байланысты 2020 жылға дейін жеңілдік алған. Биыл бұл жеңілдік алынып тасталды. Әйтсе де, 2015 жылдан бастап оны сәтті пайдаланған армян алыпсатарлары арзанға келген көлікті одақ нарығына шығарып, мол пайдаға кенелді. Армениялық автокөлік мініп жүрген азаматтар биылша көлік салығын Арменияда төлеп қойған болса, біздегі салықтан босатылады. Яғни, қыркүйекке дейін 11 946 теңге төлеп уақытша тіркеуден өткен соң барып, «сары» нөмір таққандар 2021 жылы көлік салығын өз елімізде төлейді. – 24 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шетелден кіргізілген көлік иелерінің мәселесін шешуді тапсырған болатын. Аталып отырған Үкімет қаулысы сол тапсырманың нәтижесі, – дейді ішкі істер министрлігінің өкілдері. Десе де, көлік иелері өздері тарапынан айтылған уәждер ескерілмей қалғанын айтуда. «Президент Үкіметке шетелдік нөмірмен жүрген азаматтардың уәжін ескере отырып, шешім шығарыңдар деп тапсырма берді. Осыдан кейін eGov.kz порталында осы мәселе талқыланғанда көлік иелерінің 80%-ы «сары» нөмірді алмаймыз, кәдімгі нөмір берілсін деп ойымызды жаздық. Бірақ ол ескерілмей отыр», – дейді көлік иесі Данияр Бүркіт. Ресми дерек бойынша, елімізде тек армениялық нөмірмен жүрген көліктердің саны 22 мыңнан асады. Аталған Үкімет қаулысы көлік иелеріне 1 қыркүйекке дейін тіркеуге тұрып, «сары» нөмір алуды міндеттейді. Ал көлік иелері арнайы нөмірді алуға аса ынталы емес.Бауыржан БАЗАР