Асхат МАЕМИРОВ,
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік
академиялық музыкалық драма театрының директоры:
– Карантин уақытында ешқандай театр қызметкерлеріне қысқарту болған жоқ. Соған сай жалақылары да уақытылы төленді. Ал әртістердің жұмыстары мен дайындықтарына келетін болсақ, ол да тұралап қалмады. Себебі әртістердің бабында болуы өте маңызды. Олар карантин басталмай тұрып, «Құнанбай» қойылымына дайындалып жатқан. Актердің өз-өзімен жұмыс істеуі деген нәрсе бар. Сол бойынша актердің барлығы өз бетінше, үйінде дайындалды. Күнделікті онлайн режимде сұхбаттар жүргіздік. Облыстық театрлармен тәжірибе алмасулар өтті. Жазушылар одағымен бірлесе ұйымдастырылған «Өмір-өлең» жобасы бойынша актерлер ақындардың өлеңін оқып, театрдың Instagram парақшасында үздіксіз жарияланып тұрды. Одан бөлек, Мұқағали мен Фаризаның, тағы да басқа ақындарымыздың шығармашылығына арналған поэтикалық композициялар, Халық әртісі Тілектес Мейрамовтың «Майдан әндері» атты, Қуандық Қыстақбаевтың Қасым Қайсенов туралы моноспектакльдері қойылды. Әрине, театр бос қалғанымен, көрерменнен қол үзбедік. Өнер тұралап қалмауы тиіс.
Нұрнияз МҰҚАНОВ,
Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы
музыкалық-драма театрының директоры:
– Карантин кезінде қызметкерлерді қысқартпадық. Мемлекет қаржыландырып отырған соң театр қызметкерлеріне жалақы уақытылы төленді. Қойылымдарды елдегі театрлар секілді біз де Instagram парақшамызда онлайн көрсеттік, сұхбаттар ұйымдастырдық. 51 әртістің бәрі үйінде жекелей дайындалды. Театрға адам келмеді деп, «қаржысыз қалдық» демейміз. Бастысы, әртістердің бабында болуы.
Бірақ Н.Жантөрин атындағы театр әртістерінің айтар уәжі де бар екен. Себебі театр ғимараты әуелде кинотеатр ретінде тұрғызылған. Яғни, киім ауыстыратын, грим жасайтын бөлмелер қарастырылмаған. Осы мәселе әртістерге қиындық тудырып отыр. Үлкен қалалардағы театрларға мемлекет тарапынан көңіл бөлінгенімен, облыстарда әлі де шешілмеген күрмеулер бар сынды.
Ернар ЖҰМАТАЕВ,
Астана Жастар театрының директоры:
– Мемлекет бізге барлық жағынан толығымен жағдай жасап отыр. Сол себепті біздің қызметкерлеріміздің саны қысқарған жоқ. Карантин уақытында да тікелей эфир арқылы жұмыс істедік. Әртүрлі аспаптарда ойнап, ән айтып, өлең оқыдық, концерттер бердік. Тікелей эфир арқылы қойылған концерттердің көрермен саны көңіл қуантарлық болды, қаралымы 3 000-нан асты. Карантин біткеннен кейін де осындай онлайн концерттер ұйымдастыра беретін боламыз. Карантин болғандықтан, дайындық болған жоқ, бірақ қызметкерлеріміз өздерінің тың идеяларын ортаға салып отырды. Біз барлық қойылымымызға өзгертулер енгізіп, жаңартулар жасап жатырмыз. Алдағы уақытта Абайдың 175 жылдығына орай «Абай–Тоғжан» спетаклінің премьерасына дайындығымызды бастаймыз. Ешқандай шығын болған жоқ, «көппен көрген ұлы той», Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі барынша қолдап отыр.
Мадияр ТӨЛЕУ