Жоғалған сәбидің құпия өлімі
Жоғалған сәбидің құпия өлімі
188
оқылды
Атырауда жоғалған бір жарым жастағы баланы іздеуге құзырлы органдармен бірге еріктілер де жұмылдырылды. Екінші тәулікте іздестіру кезінде полицейлер бала жоғалған үйдің ауласындағы ескі кәрізден Әлидің жансыз денесін тапты. Ел болып амандығын тілеген Әли жоғалған күні Атырауда жаң­быр жауып тұрды. Соған қарамастан оны іздеуге мыңнан аса адам жұмыл­дырылды. Бала тұрған жеке жер үйдің ауласы қор­шалмаған. Ұзаққа кетпейді деп «Жұл­дыз» ықшамауданындағы елу көше мен үйдің жан-жағын тексеру нәтиже бер­меді. Кәріз құдығына түскен шығар деген қауіппен құдықтағы лас суды да арнайы қызмет жұмысшылары тазалап алды. Бала табылмады. Екінші тәулікте таңертең полиция қызметкерлері баланың денесін үй ау­ла­сындағы пайдаланылмай тұрған кәріз құдығының тереңінен шығарып алды. Осы орайда, еріктілер тарапынан по­лицейлерге сұрақтар да туындап жатыр. Ерікті Олжас Сұлтанов: «Бала та­былған кәріз құдығы жабық тұрды және оның іші қоқысқа толы болды. Түбінде аз мөлшерде су болды, бірақ бала болса, денесі бетіне шығады деп ойладық. Бі­рақ енді анықталып отырғандай, бала­ның денесі бес бөшкедей қоқыстың астынан табылғанын айтып, әлеуметтік желіде құзырлы органдардан баланың денесіне сараптама өткізу кезінде өзде­рінің қатысуын сұрап, үндеу жариялады. Оған себеп болғаны – бірнеше рет қаралған кәріз құдығынан баланың екінші тәулікте табылуы. Бұл көп адамға күдік ұялатып, құзырлы орган­дарға талаппен шығуға түрткі болған. Алайда сол күні ерікті Олжас Сұл­танов өзінің Facebook парақшасында: «Баланың неден өлгенін анықтайтын сараптамаға қатысуды сұрап, проку­ратураға үндеумен шыққаныма кешірім сұраймын. Халықты дүдәмал пайым­дардан арылту үшін барлық жағдай ашық болғанын қаладым. Бәрі шын­дықты білгісі келді. Олар телефонға дамыл бермей, құзырлы органдардан шындықты талап етуімді сұрап үндеу жариялауыма себеп болды. Ойлана келе менің тарапымнан қате болғанын тү­сіндім», – деді. Ол өз кезегінде бір кі­сідей жұмылған құзырлы органдар мен еріктілерге рақметін айтты. Атырау облысы Полиция департа­менті баспасөз қызметі баланың өліміне байланысты сот-медициналық сарап­тама тағайындалғанын жеткізді. Анасын аңыратып кеткен сәби өлі­мінің құпиясы туралы құзырлы органдар өз пайымын арнаулы сараптамадан соң жария етеді.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы