Жемқорлық – ел дамуын тежеуші фактор
Жемқорлық – ел дамуын тежеуші фактор
306
оқылды
Ақмола облысы Зеренді аудандық соты аудан әкімі М.Мұстафинді 3 жылға бас бостандығынан айырды. Ал оның бір орынбасары 1 жыл 6 айға сотталса, екінші орынбасарына 4 млн теңге айыппұл салынды. Себебі, олар жеке компаниялардың директорларынан жер телімін жалға алу мерзімін ұзарту және оларға тиесілі емес телімде дәнді дақылдар егуіне «мүмкіндік беру» үшін 3 млн теңге сомасында пара алған. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқынан айырылды. Өңірлердегі мемлекеттік қызмет­керлер арасында осы тектес жемқорлық деректері, өкінішке қарай, жиі тіркеледі.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі ақпарат құралдары арқылы парақорлар туралы жалпақ жұртқа жар салса да, шенеуніктердің сескеніп жатқаны байқалмайды. Мәселен, осы жылдың ақпан айының ба­сын­да агенттік бес бірдей облысты қамтыған қылмыстық топты әшкереледі. Көліктік бақылау инс­пекциясы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен желілік полицияның лауазым­ды тұлғалары тұрақты түрде заңсыз ақша алып отырған. Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қала­ла­рында ұйымдастырылған ар­найы операция кезінде 50 жемқор (ревизор, көліктік бақылау қыз­меті­нің өкілдері, жекеменшік тасымалдаушы компаниялардың жұмысшылары, вокзал кезекші­лері, желілік полицейлер мен алыпсатарлар) ұсталды. Логикаға салсақ, бұл оқиға өзгелерге сабақ болып, саладағы жемқорлық тыйы­луы тиіс еді. Алайда көп ұза­май «Алтынкөл» теміржол станса­сының бастығы да құрыққа түсті. Ол радиациялық көрсеткіші нормадан жоғары тауар (халық тұтынатын) тиелген вагондарды ішкі нарыққа кедергісіз кіргізу үшін сыртқы экономикалық қыз­мет қатысушыларынан 17,8 мың АҚШ доллары көлемінде жүйелі түрде пара алып келіпті. Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары да өз кабинетінде парамен ұсталды. Ол   жалпы білім беру мекемелерінің басшылары­нан бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінген. Ақтөбе қаласында үш полицей бір азаматтың ұлын қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін 300 мың теңге сомасында пара алып жатқанда қолға түсті. Басшысының рұқса­тын­сыз жарты миллиард теңгені банк шотына аударып жіберген де қызметкер тұтқындалған. Жалпы, мұндай мысалды көптеп келтіруге болады.

Парамен ұсталу, сотталу оқи­ға­лары өзгелерге неге сабақ бол­май­ды? Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, сыбай­лас жемқорлық деңгейі төмен ел­дердің мысалы, қорқытуға негіз­­делген саясат нәтиже бермей­тінін көрсеткен.

«Қазақстанда сыбайлас жем­қор­лық үшін жыл сайын орта есеп­пен мыңнан астам лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бас бостандығынан айырудың ұзақ мерзімі, мил­лиондаған айыппұлдар, мүлікті тәркілеу, мемлекеттік аппаратта жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салу – осының барлығы шенеу­нік­терді ар-ожданымен мәміле жасауға әкелмей отыр. Заңнаманы одан ары қатаңдатудың келешегі жоқ. Одан да «Біреудің ала жібін аттама» деген қазақ мақалына сүйеніп, отбасында балаларға тазалық пен әділдік туралы берік ұстанымдарды ерте жастан бастап сіңіруіміз керек», – дейді.

Балабақшадан бастап, ненің жақсы, ненің жаман екенін тү­сіндіру, мектепте – көзбояу­шы­лыққа жол бермеу, университетте – баға мен дипломды сатып алу­ды жою, кәсіпкерлердің биз­нес­­ті әдеп­сіз жүргізуден және ше­неу­нік­­терді сатып алудан бас тар­туы сияқты дағды қалыптасуы тиіс.

«Бір мысал, емханалардағы медициналық анықтама саудасын бәрі жақсы біледі. Жемқорлықты туындататын мұндай қажетсіз құжаттарды қолданыстан алып тастауды ұсынамыз. Себебі, алдың­ғы қатарлы елдерде   №083, №086 анықтамаларының бірі де жоқ. Бұл анықтамалар шешімге ықпал етпейді. Абитуриенттің көзі нашар көрсе де, ЖОО-ға ала бере­ді. Біздің елде, дәл осы анық­та­ма­лар­ды жасайтын тұтас индус­трия бар. Одан да бұл құжаттарды элек­трон­ды түрде қарайтын мүмкіндік ашу керек. Электронды мемле­кет­тік қызметтерді дамыту – тұрмыс­тық сыбайлас жемқорлық­ты жеңу­дің бірден-бір жолы», – дейді агенттік төрағасы.

Мемлекеттік қызметкерлердің ел ішіндегі іссапарлар кезіндегі теріс қылықтарынан мезі болған облыстық, аудандық және ауыл­дық деңгейдегі мемлекеттік қыз­мет­керлер агенттікке жиі шағым­да­нып жатыр екен.

«Әрбір іссапар үшін тексеру­ші­лерге логистика, тұру және тамақ­тану шығындарын жабатын жеткілікті қаражат бөлінеді. Алай­да тексерушілер өңірлерге жол жүргінде, бөлінген қаражаттан бір тиын жұмсағысы келмейді. Жақ­сы қонақүй нөмірі, күнделікті түскі ас пен ең жақсы мейрамха­на­дағы кешкі ас, қымбат сыйлық, монша және аң аулау – осының барлығы тексерілетін әріптес­тері­нің жеке ақшасының есебінен жұмсалады. Бақылаушылардың тәбетін білетін жергілікті басшы­лар бизнесмендерге жүгінеді. Мұн­дай көмек ешқашан тегін бол­майды және ары қарай кәсіп­кер шенеунік тарапынан ерекше қамқорлыққа айналады. Мұның бәрі қалай аяқталатынын еске салудың қажеті жоқ», – дейді А.Шпекбаев.

Оның айтуынша, өңірлік іс­са­пар­ларға, түрлі конференция мен семинарға шығатын барлық мем­лекеттік қызметші мен олар­ды құрақ ұшып күтіп алатын қабыл­дау­шы тарап жоғарыда айтылған «дәстүрден» арылмаса, жұмыстан босатудан бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады. Себе­бі, агенттік бұл мәселені жүйе­лі бақылауға алған, жекелеген өңір­лер­де кінәлі тұлғалар жауап­кер­ші­лікке тартылып та жатыр.

«Бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатында біз Үкімет­ке қашықтан мониторингке көшу­ді, көшпелі тексерулерді оң­тай­ландыру жөнінде ұсыныстар енгіземіз. Бұл жұмысты сапалы жүзеге асыруда азаматтық қоғам инс­титуттары маңызды рөл атқа­рады. Барлық қоғам белсенділері мен немқұрайлы қарамайтын азаматтар осындай фактілерге мұқият назар аударып, бізді кез келген ыңғайлы тәсілмен: менің поштама жазбаша түрде жүгіну alik.shpekbaev@gmail.com, әлеу­мет­тік желілерде хабарлау немесе Агенттіктің 1424 call-орталығына қоңырау шалып, хабардар етуге шақырамын», – деп жазды агент­тік төрағасы әлеуметтік желі­­дегі парақшасында.

Қалай десек те, жемқорлықты азайтуда қоғамның белсенді аза­мат­тары кіріссе, нәтижеге қол жет­кізуге болады. Бұл ретте қоғам белсенділерінің, мониторинг топ­тардың жұмысының арқасын­да бүгінде нақты нәтиже бар. Мәсе­лен, соңғы екі жылда Қазақ­станда сыбайлас жемқорлықтың деңгейі 23 пайызға төмендеген. Енді жемқорлыққа немқұрайлы қарай алмайтын азаматтар үшін Қазақстанның барлық өңірінде «қоғамдық бақылау картасы» ен­гізіледі. «Қоғамдық бақылау кар­тасы» азаматтардың белсенді­лі­гін арттырудың жаңа құралына айна­лып, жемқорлық тәуе­кел­дерін тө­мендетуге, жергілікті жерлерде мемлекеттік органдар жұмысының сапа­сын арттыруға септігін тигізеді.

Айта кетерлігі, Нидер­лан­ды­ның елшілігі мен Қазақстандағы Парла­ментаризмді дамыту қоры­ның қолдауымен «Астана қалалық қоғамдық бақылаудың интерак­тив­ті картасы» іске қосылған. Карта шынайы уақыт режимінде Аста­на қаласының құрылыс, жөндеу және әлеуметтік нысан­дар­ды күтіп ұстауға бөлген жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын бюд­жет қаражаты туралы ақпа­ратты еркін алуға мүмкіндік бере­ді. Кез келген адам тәулігіне 24 сағат бойы аталған процесті бақы­лап, оларды құжаттармен салыс­ты­ра алады. Бұл мемлекеттік ор­ган­дар қызметін тексеру ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік сатып алуларға қатысатын бизнес­тің бюджет қаражатын тиімді игеруіне мониторинг жасау мүм­кін­дігі. Биыл бұл жоба еліміздің барлық өңірінде іске қосылады.

Сыбайлас жемқорлық ел дамуына кесе-көлденең тұрған үлкен кедергі. Бұл жөнінде Мем­ле­­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің прези­дент­тік қыз­ме­тіне кірісу сал­та­натында сөйле­ген сөзінде де ерек­ше атап өтіп, бірінші қыр­күйек­ке дейін жем­қор­лықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған рефор­ма­лар топтамасы дайындалатынын жеткізді.

«Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қо­ғам­­дағы өзара сенімге, жалпы мем­лекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деді Президент.

Бұл айтыла салған сөз емес. Өткен аптада Мемлекет басшысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде құрылымдық өзгеріс жасайтын шешім қабыл­да­ды. Сөйтіп, Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екіге бөлінді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың басым бағыт­тары­ның бірі – сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күресті күшейтуді іске асырудың бастауы. Осы өзге­ріс­тен кейін сыбайлас жемқор­лық­пен күрес күшеймесе, әлсіре­месі анық.