Тау етегіндегі храм
Тау етегіндегі храм
261
оқылды

Қаламына қасиет орнаған, сол арқылы бір тағдырдың ғана емес бүкіл бір заман­ның суреткері­не ай­налған тұлғалар бар. Солардың бірі журналистиканың жампозы, тарих ғылым­дарының док­­торы, профессор – Сағымбай Қозы­баев. Киелі білім орда­сы атанған ҚазҰУ-да 40 жылдан астам еңбек етіп келе жат­қан ұстаз 50-ге та­р­та кітаптың авто­ры. Оның шығармалары өмір айнасы іспетті. Қоғам­ның дертті жарасына шипа, жыртығына жамау. Ешкімді қайталамайтын өзіндік үн мен ерекше талғам. Жастыққа мас болып шаттанған студенттік ғұмырына, жауапкершілік жүгін алғаш сезінген ұстаздық жолына куә ҚазҰУ – Сағымбай Қозыбаевтың мәңгі өшпес өміршең тақырыбы.

Қаламгер «Тау етегіндегі храм» (Храм у подножия гор) атты жаңа жинағын қара шаңырақ ҚазҰУ-дың 85 жыл­дық мерейтойына тарту етті. «Білім алған шаңырақ – қа­сиетті мінәжат орнымен (храм) пара-пар. Ғылым мен бі­лім жинап, сүйікті ұстаз­да­рың мен студенттік естелік­те­рің сақтал­ған уақыт. Храм – мөлдір бұлақ, сарқылмас құдық, оны қорлауға болмай­ды. Храм – жаңа жанған нәзік сезімдер махаббат пен достық­тың, шығармашылық көзқа­рас­­тың қорғаушысы. Храм – сенің өмірлік университетің», – дейді автор. Иә, жас талапқа ең алғаш өмір дегеннің не екенін түсіндіріп, қайнаған тіршілік айдынына дайындай­тын да жоғары оқу орны емес пе? Сезім мен сенімнің, ақыл мен жүректің, достық пен махаб­баттың мекеніне айнал­ған ескірмес естеліктерге толы Алатау бөктеріндегі храм – ҚазҰУ. Жазушы жаңа жина­ғында осы храмнан түлеп ұш­қан қоғам қараткерлері мен зиялы қауымның өмірлік тәжі­рибесін үлгі етеді. Бейне бір ҚазҰУ-дың тұлға­лық энциклопедиясы дерсің. Оқып отырып, ҚазҰУ-дан шыққан қаншама жастың ел ағасы болғанына, әдебиет айдыны мен журналистика майданының бел ортасында жүрген жауынгерлер екеніне қайран қаласың. «Қасиетті қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетіне оқуға түскен күннен бастап, кіл ұлылардың есімі мен еңбегі туралы әңгі­ме­лерді таңданып та, тамса­нып та бойымызға сіңіріп, жазып қалдырған еңбектерін қолданып, жадымызда сақтап келеміз. Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Марат Барманқұлов сынды қазақ журналистикасының негізін қалап, еліміздегі журналистік білім беру жүйесінің нық қа­лып­тасуына үлкен үлес қос­қан, ұрпаққа ұлағатты ұстаз­дық еңбегін, үлгі-өнеге­сін асыл мұра етіп қалдырған ұлы тұлғаларды мақтанышпен айта аламыз» деп бүгінгінің аңызына айналған сол кездегі журфактың ұстаздары туралы да біраз ақпарат береді.

Жазушы ешкімді бөліп жармайды. Тұлғаның өмір жолы­на тоқтала отырып, жеке ерек­шеліктерін бөліп қарас­ты­рады. Мысалы, Ғалым­қайыр Мұтанұлы туралы жаз­ған «Әл-Фараби және ғалым» мақаласында тіл біліміндегі адам есімінің тағдырға әсері туралы сөз қозғайды. «Ғалым­қайыр деп ат қоюы оның өмі­рі­нің ағар арнасын о бастан анықтап, баланың ой-зерде­сі­нің қалыптасар межесін меже­леп тастаған түйсік пе әлде жазмыштың құпиясы ма?» деген ой тастайды.

Кітапқа автордың әр жыл­дары жарық көрген мақала-эсселері жинақталған. Соңғы бөлімі журналистика, БАҚ туралы айтылған философия­лық ойлармен қортындылана­ды. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтіндігі рас болса, «Тау етегіндегі храм» жас ұр­пақ пен журналистика сала­сын таңдаған кез келген адам үшін бірегей туынды болмақ.

 

Ақсұлу ЕДІЛҚЫЗЫ