Ақтөбеде орталық базардың саудагерлері ереуілге шықты. 25 мамыр күні 100-ге жуық адам базардың кіреберісіне жиналды. Олар биліктен павильондарды ашуды талап етті.
БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, қаладағы саудагерлер екі ай жұмыссыз отырған. Сол уақыт аралығында жалдау ақысының 50 пайызын төлеп, несиесін өтеген. Қалай күн көрерін ойлап діңкелеген халық базардың жұмысы жандануын күткен. Жергілікті билік базарды 25 мамыр күні ашамыз деп уәде беріп, бірақ бекітілген күні ашпаған. Өйткені аймақта коронавирус өсімі 7 пайыздан асқан соң, орталық базарды ашу уақыты 1 маусымға ауысқан.
Базар алдында жиналған нөпір оқиға орнына келген полицияға базынасын жеткізген-ді. Рика телеарнасы түсірген сюжетте Ғалия есімді сатушы қазір бәрінің ақшасыз отырғанын, сондықтан әкімдіктен орталық базарды ашуын сұраған. Ол саудагерлердің мемлекеттен ақша сұрамайтынын, тек еңбекпен ақша табуға мүмкіндік беруін өтінген. Сондай-ақ 42 500 теңге алуға кейбірінің өтініші жарамағанын, көпшілігі пәтер жалдап тұратынын айтқан. Сауда жасамаса да, жалдау ақысының 50 пайызын төлегендерін атап өтті.
Енді қалай күн көрерін білмей жүрген саудагерлер әкімдікке мұң шаққысы келеді. Олар базар ашылса, санитарлық талапты сақтап, жұмыс істеуге бекініп отыр. Көктемде, жазда сұранысқа ие болмайтын тауарлар қалған. Ал жалға алушылардың жазғы маусымға арналған тауарларды сатып алуға ақшасы жоқ. Ашуға булыққан саудагерлер әкімдікке хат жазып, 200-ден астам қол жинаған.
Әкімдік базардың ашылмауын COVID-19 індетімен байланысты екенін түсіндірсе де, саудагерлер тыншымай жүр. Жиналған жұрттың арызын тыңдауға қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімінің бастығы Аманжол Өтеғалиев келген. Ол базардың нақты қашан ашылатынын дөп басып айта алмайтынын бәрі коронавирустың таралу деңгейіне байланысты екенін атап өткен.
Алайда ақтөбеліктер мұндай жауапқа қанағаттанбады. Кәсіпкерлер қала әкімі Асхат Шахаровтың атына үндеу жолдады.