Мемлекет басшысы сайлау, саяси партиялар және бейбіт митингі өткізу туралы заңдарға қол қойды. Аталған заңдарға қатысты қоғам пікірі әртүрлі: бірі қолдайды, енді бірінің көңілі толмайды, бұл – қалыпты жағдай. Біз Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Құшқымбаевпен жаңа заң нормаларының ерекшелігі туралы сөйлестік. – Күні кеше Президент қол қойған үш бірдей заңға қатысты пікір әрқилы. Кей нормаларды әлі де жетілдіру керек еді деген пікір де айтылып қалды. Сіздің пікіріңіз қандай? Мысалы, Сайлау туралы заңның ерекшелігі ретінде қай бапқа назар аударар едіңіз? – Бейбіт жиындар өткізу, саяси партиялар және сайлау туралы үш заң бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі бұлар бір пакеттегі заңдар. Соның ішінде Сайлау туралы заң мемлекеттік басқару және шешім қабылдау процесіне халықтың түрлі тобын тартуға қадам жасады деп санаймын. Бұл заңның Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сай келетінін атап өту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғаммен диалог жасауды кеңейтуге басымдық беріп келеді. Ал Сайлау туралы заң арқылы саяси алаңға қатысушыларды көбейту көзделген. Сол себепті де Мәжіліс пен мәслихаттарда әйелдер мен 25-29 жастағы жастарға квота бөлініп отыр. Енді партиялар өз мүшелерін Мәжіліс пен мәслихатқа ұсынарда әйелдер мен жастарды да ескеретін болады. Мұндай квота әлемнің бірқатар елінде қолданылады. Енді біздің елде бұл норма сайлау туралы заң деңгейінде бекітілді. Бұл өзгеріс әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді. Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі де әйелдердің ел басқару ісінде ұтымды шешім қабылдай алатын қасиетін атап өткені бар. Алдағы уақытта Парламентте әйелдер фракциясы, комитеті құрылуы мүмкін, ол құрылымдар еліміздегі әйелге жасалып отырған жағдайды бақылауға, жетілдіруге, мониторинг жасауға жол ашады. Сонымен Парламент пен жергілікті өкілетті органдарға жастар келе бастайды. Жастарды, негізінен партиялардың жастар қанаты ұсынатыны белгілі. Осылайша, жастар замандастарының мәселесін көтеріп, оны шешу жолын ұсынып, шешім қабылдауға ықпалын тигізетін болады. – Сіздің пікіріңізше, 25-29 жастағы жастар заң шығару ісіне дайын ба? Бүгіндері мәслихат депутаттарының жұмысына көңілі толмайтын қоғам жас депутаттарды қалай қабылдар екен? Мәслихаттағы жастар «ақсақалдардың» айтқанынан шыға алмай қалмай ма деген қауіп бар. – Бүгінгі таңда елімізде халықтың 30 пайызына жуығын жастар құрайды. Қазақстан жастар мемлекеті саналады. Сондықтан жастар өкілінің заң шығарушы органда отыруы өте дұрыс шешім деп санаймын. Жастар үлкендердің айтқанынан шықпай қалады деп қорқудың қажеті жоқ. Себебі адам баласы 25-29 жаста саналы түрде әрекет етеді. Оның үстіне, жастар үшін Мәжілістен де, мәслихаттан да соншалықты көп орын беріліп жатқан жоқ. Жастар мен әйелдер үшін бөлінген орындар жалпы мандат санының 30 пайызын ғана құрайды. Жалпы, бұл жаңалықтың бір пайдасы – жастар Мәжіліс пен мәслихатта жүріп саяси мәдениетті меңгереді. Заң жобасы мен жергілікті бюджетті талқылауға қатысады, пікірталаста шыңдалып, саяси мектептен сабақ алады. Бұл басқару элитасын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ал жастардың 30 пайыздық квотаға енуі олар үшін басқару аппараты мен басқару саласына барар жолдағы әлеуметтік лифт рөлін атқарады. – Саяси партия құру және тіркеу үшін бұрын 40 мың мүшенің болуы талап етілсе, жаңа норма бойынша ол 20 мыңға азайтылды. Бірақ осының өзін көп деп жатқандар бар... тіпті 1 мыңға азайтса да болар еді дейді. Сіздің пікіріңізді білсек. – 20 мың қол – 40 мыңның тең жартысы. Былайша айтқанда, бастапқы талаптағы сан екі есе азайтылып отыр. Мұндай шек не үшін қойылады, себебі саяси додаға қатысуға бел байлаған кез келген партияның республикамыздың барлық өңірінде өкілдігі болуы керек. Яғни, саяси партия сондай өкілдіктердің ірі бірлестігі болуы тиіс. 20 мың қол жинау арқылы партия халықтың сеніміне ие болғанын дәлелдей алады. Егер оны 20 мыңнан азайтсақ, әр өңірдегі таныс-тамыры мен туыс-туғанның қолын жинап-ақ партия құрып алуға мүмкіндік туады. Онда партияның саны көп, сапасы жоқ болады. Мысалы, Мәжіліске партиялар халықтың 7 пайыздан астам дауысын жинаса ғана өтеді. Бұл да ұсақ партиялардың шектен тыс көбейіп кетпеуі үшін керек. Сондықтан 20 мыңдық барьер партиялардың өзі үшін де маңызды. Себебі 20 мың адамды мүше ете отырып, ірі және жалпыұлттық деңгейдегі партияға айналады. – Саяси партиялар туралы заңға «парламенттік оппозиция» ұғымы енгізілді. Парламенттегі кез келген депутат өз ойын ашық білдіріп, көпшіліктің шешімімен келіспесе, ол онсыз да оппозиция болып саналмай ма? Жаңа норма бізге не береді? – Жаңа заңға енгізілген «парламенттік оппозиция» туралы нормалардың басым бөлігі бүгінде онсыз да қолданыста. Тек бұл жолы ол заңдастырылды. Парламенттік оппозицияға анықтама берілді. Мәжілісте депутаттық фракциялары бар, заң жобалары бойынша дауыс беруді қоса санағанда, парламенттік көпшіліктің саясатына қарсы пікірін ашық білдіруші және қызметтегі Үкімет құрамына кірмеген саяси партиялар парламенттік оппозиция саналады. Мұндай партиялар өз депутаттары арасынан Мәжілістің тұрақты комитеттері төрағаларының, сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы орынбасарының лауазымына кандидатура ұсына алады. Жаңа норма оппозициялық партия мүшелерінің ішінен әлеуметтік және экономикалық блок министрлерінің орынбасарларының лауазымына тағайындау үшін үміткер ұсынуға мүмкіндік береді. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасын және мүшелерін ұсынуға құқы болады. Бұрын мұндай норма болған жоқ. Сонымен қатар парламенттік тыңдаулар мен парламенттік тергеулерге бастамашы бола алады. Заңда белгіленген тәртіпте қызметтік міндеттерін орындау үшін барлық лауазымды тұлғаларға және барлық нысандарға еркін кіру құқын иеленеді. Парламенттегі оппозицияға осындай құқық беру демократия принциптерінің сақталуын қамтамасыз етіп, мемлекеттің жедел дамуына ықпал етеді. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айдана БЕГІМ