Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен өкілеттігі арттырылады. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Бүгінде барлық ел қауіпсіздігінің маңызды бөлігі - биологиялық қауіпсіздік мәселесі болып отыр. Бұған дейін коронавирустың қайта таралуына дайын болуға тиіс екендігімізді айтқан болатынмын. Ахуал еліміздің және көршілес мемлекеттердің аумағында тұрақты табиғи ошақтар мен өзге де қауіпті инфекциялардың болуына байланысты күрделене түсуде. Бірқатар жүйесіз реформалар мен қайта ұйымдастырулар санитарлық-эпидемиологиялық қадалағау және инфекциялық бақылау жүйелерінің әлсіреуіне себеп болды», - деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Президент санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту қажеттігіне баса назар аудартты.
«Осыған орай қазірдің өзінде жаңа комитетті құру жұмысы басталды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен өкілеттігі арттырылатын болады. Өмірдің өзі бұл реформаға түрткі болып отыр. Бұл қызметтің мамандарын әлеуметтік қорғау және кадрларды дайындау жүйесі қайта қаралады. Бұған қоса, инфекциялық аурулармен күрес саласында шет елдермен ынтымақтастықты одан ары нығайту қажет. Биологиялық қауіпсіздік жүйесі ортақ стандарт бойынша жұмыс істеуі және қатерлерге еларалық өзара іс-қимыл мен қарсы тұру шараларын қамтамасыз етуі тиіс», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы заңды жыл соңына дейін қабылдау қажеттігін баса айтты.