«Ұлды болсам, бүкіл ауылға той жасаймын»: блокпостта қаза тапқан полицей арманда кетті
«Ұлды болсам, бүкіл ауылға той жасаймын»: блокпостта қаза тапқан полицей арманда кетті
243
оқылды
Алматыдағы блокпосттағы жол апатынан қайтыс болған полицей Жарас Жанғазиев ұлды болуды 10 жыл күткен. Ол қайтыс боларының алында көршілерінің үйін аралап, Ораза айт мерекесімен құттықтап шыққан екен, - деп жазады azattyq-ruhy.kz. Марқұмды кеше туыстары мен Әйтей ауылының халқы жер қойнына тапсырды. Аға лейтенант құқық қорғау саласында 19 жыл қызмет атқарған екен. Марқұмның туыстары мен көршілері жол апатына қатысты жалған ақпарат берген басшыларға реніштерін айтты.
«Ол менің ағамдай болып кеткен. Қазір Жарастың қарт әке-шешесі мен әйелі сіздермен тілдесетін халде емес. Бірақ, біз олардың орнына сөйлеп, ренжулі екенімізді айтсақ деп тұрмыз. Сіздер (Алматы қаласының Полиция департаменті – авт.) неге Жарастың аты-жөнін, жасын қате жаздыңыздар. Сонда өз қызметкерлеріңді танымайсыңдар ма? Жарастың әке-шешесі қайғыны көтере алмай жатыр. Әйелі де тілдесуге жарамайды», - деді Әйтей ауылының тұрғыны Мира Ешниязова.
Жарас Жанғазиев отбасымен, ата-анасымен шағын ғана үйде тұрып келген. Жуырда ғана үлкен үйдің іргесін қалап, қабырғасын көтеріп үлгеріпті. Кірпіші қаланған ғимараттың әлі шатыры жабылмаған. Көршілері мен туыстары асыраушысыз қалған отбасын мемлекет өз қарауына алуы керек деп есептейді.
«Жарастың ата-анасы үлкен кісілер, қайғыдан инсульт алып қалмаса екен деп бәріміз қорқып отырмыз. Әйелінің аяғы ауыр, баласын түсіріп алмаса екен деп қан жұтып отырмыз. Жарастың тұяғы ғой, аман қалса болды. Уайымдап Оралдан арнайы келдік. Соттың әділ өткенін қалаймыз. Оның отбасын мемлекет өмір бойы қамтамасыз ету керек», - деді өзін марқұм Жанғазиевтің нағашысымын деп таныстырған әйел.
«Өмірін адамдардың тыныштығын қорғаймын деп өткізді. Енді әділдік болса, бізге керегі сол. Сонша жыл жұмыс істегенде тұрғызғаны міне – төрт-ақ қабырға, мемлекетке өмірін арнаған адамның жағдайы осы. Артында басқа ештеңе қалған жоқ», - деді марқұмның жеңгесі.
Мира Ешниязованың сөзінше, оқиға болардан алдын Жарас көршілерінің үйін аралап, айт мерекесімен құттықтаған. 10 жылдан бері күткен ұлы дүниеге келсе, бүкіл ауылға той жасайтынын айтып арқа-жарқа болған.
«Артында ата-анасы мен бала-шағасы қалды. Үйін де бітіре алмады. Енді үкімет осы үйді салып бітіріп беруі тиіс бала-шағасына. Кең үйде қиналмай тұруы қажет», - деді марқұмның туысы Гүлжауар Айтжанова. «Түнгі кезекшіліктен соң демалысқа шығып, үйімнің шатырын жабам деген еді. Мен жұмысқа бармай ақ қойсаңшы, бір күннің ары-берісі не дедім. Шатырының ағашын түсіріп қойған, жұмысшылар әлі жүр. Ажалы ғой… Өте ақкөңіл, кішіпейіл еді. Ұлым дүниеге келгенде ауылға той жасаймын дейтін. Екеуміздің үйіміз міне, қатар тұр», - деді көршісі Бақытбек Тұрысбекұлы.
Жарас Жанғазиев қайтыс боларының алдында үйінің қақпасын өз қолымен тұрғызып кетіпті. Бұл оның соңғы жұмысы. Айта кетейік, бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаза тапқан қос полицейдің отбасына бір-бір пәтерден берілетінін айтты.