«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжі – ұлы өнердің кәсіби бағыт алып биіктен көрінуіне, дамылсыз дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұжым. Талант иелерін өнер биігіне самғатқан өнер ордасына биыл – 60 жыл. Исатай мен Махамбеттей батырлар туған, Құрманғазы мен Динадай күй алыптары өткен тарихы сырға толы қазыналы өлкедегі өнер ұжымы мерейтойын астаналықтармен атап өтті – «Шаттық Отаны» атты есеп беру концертін ұсынды.
Тарихтан тәбәрік
...Бүгінгі Атырау музыкалық колледжі, кешегі музыкалық училище қалай құрылып еді, әуелгі аз-кем әңгіме сол жөнінде. Қазақтың бай музыкалық шежіресін аманат етіп қалдырған күйшілердің асыл мұрасын ұрпақ игілігіне қалдыру мақсатында Құрманғазы консерваториясының қос түлегі Сейілхан Құсайынов пен Раушан Нұрпейісова Алматыдан Атырауға (ол кезде қала Гурьев аталатын) жіберіледі. Ал музыкалық училищенің ашылуына себепкер болған – қоғам қайраткері, сол жылдары Гурьев облыстық атқару комитетін басқарған Нұртас Оңдасынов пен әйгілі композитор, Алматы консерваториясын басқарған Ахмет Жұбанов еді.
1958 жылы музыка училищесі ашылды, дарынды жастарға өнер әлеміне жолдама берілді. Ал оған дейін атқарылған жұмыс жеңіл болған жоқ. Сейілхан Қасиетұлы училищеге директор болып тағайындалған соң училищенің материалдық-техникалық базасын жасақтау, оқу бағдарламасын үйлестіру, ноталық әдебиеттер, оқулықтар, музыкалық аспаптар жинақтау, оқытушылар ұжымын ұйымдастыру сияқты келелі міндеттерге назар аударды. Музыкалық аспаптар тапшылығын жеңу үшін көптеген қиындықты жеңуге тура келді. Алдымен жергілікті шеберлерді іздеп тауып, солармен ақылдаса отырып, домбыра, қобыз, бас домбыра, бас қобыз аспаптарын жасауды қолға алды. Училищенің алғашқы оқытушылары И.Колтайс, О.Герлах, Р.Нұрпейісова, Б.Рзаханов, М.Құспаналиев, Е.Нұрашев жанқиярлықпен еңбек етті. Жалпы, ноталық әдебиеттер тапшылығы өз алдына, халық аспаптарына жазылған ноталық әдебиеттер мүлдем жоқ еді. Күндіз сабақ өткізіп, түнде күйлер мен шығармаларды нотаға түсіріп оқушыларды қамтамасыз етті. Училище ұжымы концерттік шаралармен халық арасына көбірек шығып, ұлы өнерді насихаттап, ел ішіндегі өнерлі жастарды іздеп тапты. Бұл үрдіс жетпісінші жылға дейін жалғасып отырды. Училище жоғары білімді мамандармен толыға бастады.
Алпыс жылдан бері көптеген дарынды жастар тамаша ұстаздардан тәлім алып, өнер биігіне самғады. Оқу орнының бірқатар түлектері республикаға белгілі мамандар – ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Шәміл Әбілтаев, Айтқали Жайымов, Кәрима Сахарбаева, талантты музыканттар Ринат Гайсин, Бауыржан Ақтаев, Нұржан Тәжекенов және көптеген шәкірті ұлттық өнерді төрткүл дүниеге асқақтатып, Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуына, гүлденуіне айрықша үлес қосып келеді. Солардың бірі – «Астана сазы» этно-фольклорлы ансамблінің көркемдік жетекшісі Бауыржан Ақтаев Атырау музыкалық колледжіне 2004 жылы қабылданған екен.
«Колледж бізге көп білім берді. Менің ұстазым Нәсіпқали Төлегенов – колледждің алғашқы түлегі. Алғашқы нотаны колледжден үйрендім. Бүгінгі жетістігімнің басында колледждегі ұстаздарым тұр. Колледжден соң Құрманғазы консерваториясында оқып, Қаршыға Ахмедияров пен Айгүл Үлкенбаевадан сабақ алдым», – дейді ол. Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы I'm a Singer конкурсының әндерін өңдеген осы – Бауыржан. Ол алпысқа тарта ән мен күйді шығармашылық ұжымдар репертуарына түсiрген. Оннан астам күйдің авторы. Бірнеше фильм мен спектакльдің музыкасын жазған. Осындай талантты шәкірттеріне танбайтын талап, талмайтын қанат сыйлаған ардагер ұстаздардың колледждің өсіп өркендеп, дамуына атқарған еңбектері өлшеусіз. Колледж ұстаздарының білім саласындағы ерекше еңбегі үшін Оңайша Қарашева, Ольга Паплевина «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Айгүл Шынбаева «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, Людмила Голубева, Гүлмира Қуанышбаева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Елена Мартиросьянец, Ольга Ференс, Гүлайым Сұлтанова Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, Бағила Мұхтарова, Клара Киматова, Ардақ Нығметова, Алма Сыздықова, Ақназкен Байжан, Ақмарал Оралбай Атырау облысы әкімінің «Алғысхатымен» марапатталды. Бұл марапаттарды музыкалық колледждің Атырауда өткен есепті концертінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев табыс етті.
Астанада өткен салтанатты кеште колледждің негізін қалаушы Сейілхан Хұсайыновтың жары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Раушан Нұрпейісова, ұлы күйші Дина анамыздың шөбересі Төлеген Қуанышев және колледж ардагерлері қадірлі қонақтар қатарынан табылды.
Өнерлі өлке өрендері
«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжі мерейтойын елордада атап өтуді дәстүрге айналдырған. Өнер ордасы 55 жылдығында да Бейбітшілік және келісім сарайында есеп беру концертін ұсынған-ды. Биыл алпыс жылдық мерейтойын «Астана» концерт залында өткізді. Айтулы датаны астаналықтармен бірге атап өту үшін Атыраудан 160-тан астам өнерпаз келіпті. Күй өнерін қадір тұтар көрермен атыраулық өнерпаздар концертін сағынып-ақ қалыпты. Қошеметін аямады.
Концерт шымылдығын «Халықтық» студенттік ұлт аспаптар оркестрі Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» күйімен ашты. Одан кейін сахнада Динаның «Әсем қоңыр», Сейілхан Құсайыновтың «Мереке», Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай», Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» күйлері қалықтады. Оркестрге оркестрдің көркемдік жетекшісі мен дирижері, колледж түлегі «Нарын» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері Ержан Қитаров пен колледж түлегі, бүгінде Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ-халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Болат Долдашов дирижерлік етті.
Дәстүрлі әншілер Байбақты Ідірбай, Жұлдыз Сүндетқалиева, Аружан Ерімова, Алида Хуанова, Гүлбағым Қайыржанова, Жанар Қорғанова өнері таңдай қақтырды. Айбек Сапанов, Гүлбану Тюлюбергенова, Мырзабек Каримуллаев, Уәли Меруерт, Алмас Нұрсат «Халық әні және қазақ композиторлары әндерінен топтама» ұсынды.
Өнерлі балалардың қабілетін шыңдап, мәдениет пен өнер саласында мамандық таңдауына қолдау жасау мақсатында 1992 жылы музыка колледжі жанынан ашылған балалар музыка мектебінің оқушылары да концертте өнер көрсетті. Аталған мектептің Аида Дубаева жетекшілік ететін жетігеншілер ансамблі Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуын», «Алтын орда» фольклорлық ансамблі Дәулеткерейдің «Көроғлын» орындағанда көрермен ұзақ уақыт қол соқты. Ұлттық аспабы өзінен үлкен балақайлардың барын салып өнер көрсетуі көңілімізді көкке көтерді. Қуат Шілдебаевтың «Отан Ана» композициясын қобызшылар ансамблі ұсынды. Колледж түлегі – Мәди Мәдениетов (саксофонда сүйемелдеуші), Junior Eurovision 2018 байқауының финалисі, Димаш Құдайбергеннің «Бақытты бала» халықаралық ән байқауының лауреаты және екінші премия иегері, Санат Асуат Лара Фабианның Je taimе әнін орындады. Колледж түлегі, жас маман Айбол Баймұқатов жетекшілік ететін камералық және студенттік хор орындаған халық әндері «Назқоңыр» (жеке дауыста Мырзабек Каримуллаев), «Қараторғай» мен Р.Стонхиллдің Shut de do әні концертке өзгеше реңк берді. Бұл концертте Жанәбіл Райымбек, Нұрдаулет Сатыбалдыұлы баянмен В.Гридиннің «Озорные наигрыши» шығармасын орындады.
«Мен қазақпын» мега жобасының бас жүлдегері Жәнібек Жәмиев, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары – Болат Долдашов, Сардарбек Әбілов, Серік Әлібеков, Жанарыс Оспан күйлерден топтама, ал Гүлбану Тюлюбергенова, Мырзабек Каримуллаев Дж.Вердидің «Травиата» операсынан дуэт ұсынды. Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» әнін оркестр мен колледж студенттік хорының сүйемелдеуінде Мырзабек Каримуллаев шырқады. Есеп беру концерті Құрманғазының «Сарыарқасымен» жабылды.
Раушан НҰРПЕЙІСОВА,
қобызшы, күйші,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– 1956 жылы жұбайым Сейілхан екеуміз Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Атырауға бардық. Ол кезде Гурьев пен Маңғыстау бірге. Жан-жақтан мықты домбырашыларды жинадық. Оркестр жүйемен ойнау керек, әр домбырашының домбыра бұрауы әртүрлі. Ол кезде автобус, ұшақ жоқ. Тауарлы пойызбен жүреміз. Маңғыстауға тікұшақпен барып, оркестерге өнерпаздарды іріктедік. Жасы үлкені – алпыста. 500 адамдық оркестр туралы естіген боларсыңдар, ол оркестрді біз ұйымдастырдық. Сол 500 адамнан кейін 100 адамға нота үйретіп, оның ішінен елуін таңдап алдық. 1958 жылы желтоқсанда Мәскеуде өтетін декадаға дайындадық.
Атыраудың балалары сұмдық талантты ғой, Нұртас Оңдасынов Ахмет Жұбановқа бұл өлкенің баласы мен кемпір-шалына дейін домбырашы, үйлерінде бірнеше домбыра ілулі тұрады депті. Оңдасыновтай адамдар қазір жоқ. Міне, сол Нұртас Оңдасыновтың ұйымдастыруымен Атырау музыка училищесін құрдық. Өзім тоқсанға келдім. Колледждің Атыраудағы концертіне жете алмадым. Нұр-Сұлтандағы концертінен қалмайын деп арнайы келдім.
Гүлнәр СӘДУАҚАСОВА,
«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық
музыка академиясы» Атырау музыкалық
колледж директоры:
– Алпыс жыл бұрын екі бөлмеде, он шақты мұғаліммен ашылған колледж бүгінде қанатын кеңге жайды, үлкен ұжымға айналды. Өз ғимараты бар. Елбасының бес әлеуметтік бастама жобасы негізінде пайдалануға берілген жатақханасы бар. Бізде оқу да, жатақхана
да – тегін. Дарынды балалардың 91 пайызы ауылдан келеді. Ата-ананың да, студенттің де алаңсыз оқуына барлық жағдай жасалған. Ұлттық киімдермен және ұлттық аспаптармен толықтай қамтамасыз етілген. Шетелдік гастрольдерге жиі шығамыз, бұл өнерпаз балаларымызға жігер береді. Біздің балалар жан-жақты қамқорлықты да, жауапкершілікті де сезініп отыр. Оның айғағы, шәкірттеріміз – облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары.
Колледж түлектері жоғары оқу орындарына – Құрманғазы консерваториясына, «Шабыт» өнер университетіне оқуға түсіп, оны бітіріп өзімізге ұстаз болып оралып, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып жатыр. Мамандарымыз еңбек нарығында сұранысқа ие. Республикадағы музыкалық оқу орындары аттестация өткізетін болса, оқытушыларымызды комиссия құрамына алады. Бұл да біз үшін мәртебе.