Оралда «Пивовар» кафесі өртеніп кетті.
БҚО ТЖ департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің мәлім еткеніндей, М.Шолоховтің көшесі 35-мекенжайында жазғы кафенің жанып жатқаны жөнінде хабар түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша өрт аумағы 250-300 метрді құрады. Кафенің жанында қос бірдей жанар-жағар май құю стансасы болғандықтан, гарнизонды жұмылдыру жөнінде шешім қабылданды.
Өрт сөндірушілердің батыл да жедел іс-әрекеті нәтижесінде оқиға орнынан 4 газ, 2 оттегі баллоны және ақша айырбастау пунктінен құнды заттар шығарылды.
Зардап шеккендер жоқ.
«Тілсіз жауды» ауыздықтауға 83 қызметкер, 22 техника қатысты. Өрт сағат 18.50-де оқшауланып, 19.37-де сөндірілді.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, аумағы, келтірілген шығын анықталу үстінде.