Парламент Сенатының жалпы отырысында «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы, сондай-ақ «ҚР Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды.
Заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында парламенттік оппозиция институтын заңнамалық бекіту туралы тапсырмасын орындау мақсатында дайындалды.
«Ол үшін «Ақ жол» демократиялық партиясы алдын ала (2013 жылы) әзірлеген «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасына және де қолданыстағы заңнамалық талаптарға сәйкес жаңарттық. Жұмыс барысында біз дамыған мемлекеттердің, әрине – Еуропа тәжірибесін пайдаландық. Ең алдымен – «Құқық арқылы демократияға даму» атты Еуропа комиссиясының («Венеция комиссиясы» деп аталатын), «Демократиялық парламенттердегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасын қолдандық», – деді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасының ең алғашқы новелласы – бұған дейін отандық құқықтық кеңістікте болмаған «оппозиция» ұғымын енгізуі мен заңдастыруы.
«Венеция Комиссиясы баяндамасының 11-тармағында «Парламенттік оппозиция деген – парламентке енген, бірақ үкіметтің мүшелері жоқ саяси партиялардан тұрады» деген анықтама берілген. Алайда біз оны Қазақстанның тіршілігіне жеткілікті емес деп таптық. Сол үшін, парламенттегі оппозицияны билікке шынымен сыншыл болып, балама көзқарас ұсынып, қоғам талқылайтын, қоғамды аландататын мәселелерді көтеруге міндетті болуы керек деген талабымен толықтыруды жөн көрдік. Сондықтан заң жобасында «парламент оппозициясының» анықтамасында, бұл партиялар, әдетте, билік партиясынан бөлек, өзгеше саясат жүргізуге міндетті деген тезис енгізілген. Яғни, біз «оппозициямын» деушілерді парламентте үнсіз жүрмей, белсенді жұмыс жүргізуге, қоғам үшін шын атсалысып, маңызды проблемаларды көтеруге, биліктің саясатына жаңа көзқарасы болып, бөлек ұсыныстарды беруге арнайы итермелеп отырмыз. Осындай партияларға «парламенттік оппозиция» атағымен шектелмей, біз сол ұғымын мәртебесі мен құқықтық кепілдіктерімен толықтыруды ұсынып отырмыз», – деді Перуашев.
Мысалы, оппозиция үшін бірқатар құқықтық артықшылық қарастырылған: әрбір сессия кезінде парламенттік тыңдау мен үкімет сағаттарын (министрлердің есебін тыңдау) бекіту құқы, үкіметтің заң жобасымен (оппозиция келіспейтін) қатар балама (альтернативті) заң жобасын ұсыну; Парламенттің кез-келген іс-шарасында, Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында сөз сөйлеуге кепілдік беріледі.