Дірілдеген депутат
Дірілдеген депутат
197
оқылды
Адамнан қулық та, сұмдық та артылмаған ғой. Көкшетаудағы пе­дагогика қызметкерлерінің бі­ліктілігін арттыруға арналған «Өр­леу» институтының экс-ди­ректоры әрі қалалық маслихаттың экс депутаты Еркін ЕСІМБАЕВ қандай қулыққа барды деп ой­лай­сыз? Ойланыңызшы? Жамаан қу кісі екен. Қалай ойына келді десеңіз­ші? Ешкім білмей қалады, назар­ла­рына ілмей қалады деп ойлады ғой, ә? Солай ғой, деймін? Сонымен, Ере­кең қандай қулық ойлап тапты дейсіздер? Ойланыңыздаршы? Он минөт… Бір, екі, үш... он... Таппа­дыңыздар ә? Мен айта салайыншы? Айтайын ә? Өй, ол өзі басшылық ететін мекемеге жұмыс істмей­тін­дердің аты-жөндерін жазып, бұйрық шығарып, «айлықтарын» алып келген ғой. Мәселен, бір жұ­мыс орны босай қалса, танысын, немесе танысының танысын «жұ­мысқа қабылдай» салады. Ол адам­ның өзіне тиесілі басқа жұмысы бар, басқа салада жұмыс істейтіні Ерекеңнің қыртына да кірмейді. Бір күні ол әйелін оңашалады. – Жаным, бірдеңе айтайын ба? – Айта салшы? – Ешкімге айтып қоймайсың ба? – Шайтандарды шайға шақы­рып, әңгіме етеді деп ойлайсың ба? – Хім... – Айта берші? – Хім... – Не болды? – Не ғой... – Немене, не ғой? – Әй, бірақ, астыңдағы «джи­піңе, қойныңдағы қатыныңа сенбе!» деген. – Туу, маған сенбейсің бе, не? – Бәрі өзіміз үшін, бала-ша­ғамыз үшін деп жатқаным ғой. – Айтшы енді? – Айтсам былай, сені жұмысқа тіркеп қоямын. – Сенде жұмыс істеймін бе? – деп қуанды әйелі. – Жоға. Жұмысқа бармайсың. Айлығыңды алып отырамыз. – Ойебай, біліп қойса ше? – Сен аузыңды жыбырлатпа­саң болды! – Болды, отағасы, айтсаң болды! Ерекең әйелін де «жұмысқа қа­былдай» салды. Айлық деген жү­ріп жатыр. «Мынауың керемет болды!» деп әйелі аузын басып, күліп жатыр. Енді Ерекең ерігіп жүрген жоқ қой? Бала-шағаның қамы емес пе, бәрі? Онда тұрған не бар? Бо­саған орындарды оңтайлы пайда­лана білу керек! Әбден дәнігіп алған бастық қызын да оңашалады. – Қызым, аузың жабық қой? – Қалай сонда? – Біреуге бірдеңе деп жүрмейсің бе? – Пап,о не дегеніңіз? – Сені біздің мекемеге жұмысқа аламын. – Урраааа! – Уралай берме, былайша бос орынға аты-жөніңді жазып, бұй­рық шығара саламын. Жұмысқа бармайсың, айлық жүрсе болды. Қызы жым болды, әкесінің айтқаны зың болды. Осылайша, ол бірнеше жыл бойы мемлекеттің 20 миллионнан астам қаржысын қал­таластарымен қалтасына басты. Бірақ, кейін бәрі белгілі болып, Ерекеңнің құты қашты. Бірігіп алған арам ақшаларды кінә­лі­лер мемлекетке қай­тарды. «Есім­баев­қа 5 жылға шектеу жа­за­сы белгі­ленді. Яғни, құқық қорғау органы­ның рұқсатынсыз қала аума­ғынан көрсетілген мерзімге дейін шыға алмайды.Дәмхана, мейрамхана, клуб секілді қоғамдық орындарға баруға тыйым салына­ды. Сондай-ақ, өмір бақи мемле­кет­тік меке­мелерде, 50 пайыз акциясы мемле­кетке тиесілі өзге де ұйымдарда жұмыс істей ал­май­ды. Депутат­тық мандаттан айы­рылады», – дейді Көкшетау қа­ла­лық сотының судьясы Қайрат ХА­СЕНОВ. Сауап болыпты!  

Ратқұм МІРЕШ