Ұмытып кетіпті!
Ұмытып кетіпті!
321
оқылды
Адамға ұмытшақ болу деген қиын екен! Біреу астындағы атын алты ай іздепті десе, сенбейсіз. Алты ай бойы аттан түспейтін ол кеңкелес емес шығар? Құлағына қыстырып алған шылымын шырылдап іздеп жүргендер туралы шындық бар енді. Шляпасын ұмытып кететіндер, ақша салынған кәшөлегін ұмы­та­тындар туралы сөз басқа. Ал, өмірде әдейі ұмыта қалатын шенеуніктер, депутаттар, компания бас­шылары мен халыққа уәдесін үйіп-төгіп, артынша ұмытып кететін әкім-қараларды қайда қоямыз? Ұмытшақтық қандай қасиет? Ол адамға ерте заманнан дарыған ерекше «қасиет». Мәселен қала шетіне жол салатын мердігерлер тротуарды ұмытып кетеді. Ұмытшақтар ғой! Жол саларда «Тротуар, тротуар!» деп әр жерге жазып қою керек пе еді? Жоқ, олар да әдейі ұмыта салады. Өйткені, жолаушылар жолынан қаншама ақшаны қырнап жейді десеңізші? Әкімдер де сөйтеді. «Үй береміз, кезегіңіз келіп қалды. Сәл күтіңіз!» дейді де, ұмыта салады. Олар өздерінің атын да ұмытып қалған. «Кешіріңіз, аты­ңыз кім?» деп сұрасаңыз: « Қайдан білейін? Әйтеуір, қарамағымдағылар «басеке, басеке!» дей берген соң, атымды да ұмытып қалыппын!» деп әзілдейтіндер де табылады. Мына сұмдықты қараңыз! Нұр –Сұлтанда көп қабатты үйге лифті салуды «ұмытып кеткендер» туралы естіп пе едіңіз? – Үй саламыз! – Он екінші қабатқа дейін барамыз! – Жылдар бойы саламыз! – Гүлденеді қаламыз! – Биіктерді аламыз! – деп ұрандатқан жауапты мердігер ұйым «Орал-дизайн-стройсервис» басшысы Кеңес Жұмабеков өзінің адам екенін де ұмытып кеткен. Айнаға қараса, адам екен ғой. Ал, ақшаның буымен өзін жарты Құдаймын деп жүрсе ше?! Ол «Баспана-Кентал» деп аталатын тұрғын үй кешенінің биіктігі тоғыз қабатты болуы керек еді, «ұмытып» кетіп, 12 қабатқа көтерді. Қаржылық қитұрқыларын жүзеге асыруы үшін әрине! Сағыздай созып жүріп, он бір жыл салпақтады, жымысқы жоспары орын­далып, үлескерлерге барлық пәтер алдын-ала саты­лып та кетті. Сапсына сайтан араласқан құрылыс қалай оңсын? Әйтеуір, «бітті Бәтима» болды. Мемлекеттік қабылдаушылар да: – Ойбай, жедел саты қайда? – деп сұраған болды. – Ойбуу, ұмытып кетіппіз! – деді алаяқ компания басшысы Жұмабеков Кеңес Хабидуллаұлы. – Шынымен ұмытып кеттіңіздер ме? – Ия. – Енді? – Үйдің сыртынан сала қоямыз. – Қыста қалай болар екен? – Жан-жағын қоршаймыз... – Ойбуу... – Не болды? – Тағы бір нәрсені ұмытып кетіпсіздер ғой? – Ол не? – Өрт кезінде түсетін сатыны айтамын. Сыртқы? – Жағыңыз қарыссын. Өрт болмайды. Сон­дықтан, ұмытып кеттік. Ия, сонымен, жонып жеуді жандары жақсы көр­ген компания басшысы жедел саты мен өрт кезінде тұрғындар түсетін қауіпсіздік сатысын осылай ұмыта салған. Бүгінде он бір жыл бойы бітпеген құрылысты жергілікті билік өз құшағына алып, аялап, мәпелеп, жедел саты мен қауіпсіздік сатысын үйдің сыртқы бетінен салып жатыр. Біреудің «ұмытшақтығы» біреуге сор деген осы да. Айтпақшы, компанияның «склерозы» қазір түрменің төрінде отыр. Ол кім еді? Ол ма? Қазір айтайын ... 01.07.2008 жылғы «Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы» аясында Астана қаласының құрылыс басқармасы мен «Орал Дизайн Строй Сервис» ЖШС арасында «Көктал» кентінен оңтүстік шығысқа қарай тұрғын үй кешенін салу жөнінде (13 үй, олардың ішінде 9-ы тоғыз қабатты, 4-еуі 517 пәтерден тұратын бес қабатты) шатты – бұтты келісім жасалған еді. Сөйтіп, Астана қаласының құрылыс басқармасынан «Орал – Ди­зайн – Стройсервис» ЖШС-не 927 млн. теңге (288 шар­шы) қаражат құйылып кеп берді дейсіз! Ойхой шіркін, қайда кетпеген қаражат бұл? Кейін анық­талғанындай, К.Х.Жұмабеков рұқсат алынбаған құ­жаттарсыз 5 қабатты үйдің үстіне тағы 4 қабат қосып, 9 қабатты үйдің үстіне тағы 3 қабат қосып, (748 пәтерге көбейтіп) халықты алдау-арбау арқылы келісім шартқа отырғызады да, бітпеген баспана­ларды жеке адамдарға сатып жіберді. Не деген жүректілік? Жүрегі жетеу сияқты. Ештеңеден қорық­пады. Ал, құны 185 млн. теңгелік пәтерлерді екі қай­тара сату бойынша 29 жағдайдың тіркелгенін айт­саңызшы? Жаса, қазақ! Сөйтіп, құны 1,2 млрд. теңге болатын 192 пәтер құрылыс жоспарынан тыс сатылып кеткен. Осы жолмен К.Х. Жұмабеков 915 үлескерден заңсыз түрде 6,6 млрд. теңгені шытыр­латып тұрып, санап алды. Қалай санады десеңізші? Санай бергеннен, саусағымен тілін жалай бергеннен жалықпаған шығар? Санап жатып, өзінің тоғыз жылға қамалатынын дап санап шығыпты. Бүгінде Кеңес Жұмабеков бір кездері жарты Құдай екенін ұмытып қалыпты!  

Ратқұм МІРЕШ