Үрейді алған үш әріп
Үрейді алған үш әріп
614
оқылды
Үш әріп дегенде, КГБ немесе КНБ дегенді еске түсіретіндер бар. Бүгінде одан басқа үш әріп­тен жаман қорқатындар бар. Бұл жұмбақтың жауабын білесіздер ме? – Білем! – деді көршім кө­ңілденіп. – Айта қойшы? – КНБ! – Жоқ! – КГБ! – Өй, ол орысшасы ғой? – Ее, сол ғой? – Немене сол ғой? – Тілімнің ұшында тұрғаны... – Үш әріп. Бірақ одан жұрт­тың бәрі қорқады. – БАҚ. – Немен БАҚ? – Бұқаралық Ақпарат құрал­дары ше? – Өй, қайта тілшілер сын мақала жазса, шенеуніктердің қызметі өсіп, жоғарылап кетеді. – Айта салшы? – Тойдың ба? – Тойдым. – Далбасалауды қойдың ба? – Қойдым. – Сенің миың ойдым, ойдым. – Айтсаңшы енді? – Мен де ұмытып қалдым. – Оой, болшы енді? – Айта салайын  ба? – Ия. – Не ғой. – Немене, не ғой? – Қазір жұрт үш әріптен қор­қады. Ол – МАС. МАС адамдар­дан. МАС деген қысқартылған сөз. Мен арақты сүйем, немесе миы ашыған сайтан. – Қойшы, сен де! – Шын айтамын, МАС адам көлікке отырса, жұрттың жүрек­тері зуылдап, жерге түсіп қалады. Мас жүргізушілердің кесірінен қаншама адамның тағдырлары талқандалды! Қаншама әйел жесір, балалар жетім қалды. «МАС. Мас адамнан қаш!» Осын­дай мақал шығардым. – Ия, дұрыс айтасың. МАС. Маста жоқ бас! – Мас жүргізушілерге қатаң жазалар қолданылып жатса да, олар көлікке қисалаңдап отыр­ғандарын қоймай келеді. Күні кеше ғана, Алматы облысындағы блок бекетте болған сұмдық оқиғаны айтсаңшы? 1992 жылы туылған Азат Азаматов деген бұрынғы полицей жұмысына салғыртығы, тағы басқа жауап­сыздықтары үшін төрт рет ескер­ту алған болып шықты. – Ия? Не деген жауапсыз адам еді? – 25 мамыр күні ішіп алып, таңғы бесте Көксай ауылындағы блок бекетке соғылып, одан шыр айналып келіп, полиция көлігіне соқтығысқан. – Масқара! – Соққының қатты болғаны соншалық, полиция аға лейте­нанты Жалғас Жанғазиев оқиға орнында қайтыс болса, полиция сержанты Дастан Әбдіханов ауруханада есін жимастан ана дүниеге аттанып кете барды... – Анау оңбаған ше? – Ол тірі. Жараланғаны бол­маса... Екеуміз де үнсіз қалдық. Ап­тал азаматтарға ажал құштырған мас жүргізушіні жек көріп тұр­мыз. Не деген жауыздық! МАС. Үш әріп! Осы үш әріпті қашан тия алады екенбіз? Бір кезде көршім қашып кетті. Сөйтсем, қисалаңдап, жаяу МАС адам келе жатыр екен. Менің де көр­гім келмей, үйге зыттым. Неге? Маскүнемнің қаскүнемге айнала салуы оп-оңай. Машайықтан қашайық.  

Мұхтар ШЕРІМ