Түлен түртті!
Түлен түртті!
687
оқылды
Иығында қуыршақтай қыз аяғын салбыратып, сықылықтай күліп отыр екен. Ол селк ете қалды. Ол дегеніміз – Алматыдағы ішкі істер министрлігіне қарасты, «Қазақстан» шипажайының бұрынғы басшысы Қазыбек Сұлтан. Селк ете қалды. Тез есін жиды да: – Сен кімсің? – деп сұрады. – Шайтаныңмын. – Атың кім? – Шайтанка. – Иығымда неғып отырсың? – Сені түртейін деп. – Не үшін түртпекшісің? – Осы шипажайдың бастығы бола тұрып, ештеңе жемей кетпекшісің бе? – Сонда? – Банктен миллиардтар алайын деп жатырсың ғой? – Ия. – Сол миллиардтардан жымқырып қалмайсың ба? «Түлен түртті» деген осы. Бұл 2013 жыл бола­тын. Ойы ойға, қиялы қырға кетіп, ұйқысы қашты. Миллиардтаған ақшалар ұшып келіп, тізесіне, иығына, басына қонып жатты. Шаттықтан шалқасынан жата кетті. Қараса, қасында әйелі емес, шайтаны жатыр екен. – Ей, сен неғып жатырсың қасымда? – деп сұрады ол. – Жәй. Сенің шайтаныңмын ғой. – Тұр, ұят болады. – Сонымен, жейтін болдың ғой? – Оның саған келер пайдасы қандай? – Біз шайтандар адамдарды азғырамыз. Штаттық қызметіміз сол. – Сонда мені азғырып жатқаның ғой? – Өзің біл. Шипажайды күрделі жөндеуден өткіземін дейсің де, шала– шарпы жұмыс жасаған болып, қалғанын қылғыта саласың. – Жақсы идея, шайтаным менің! – Әрине! «Қазақстан» шипажайының сол кездегі бастығы Қазыбек Сұлтан ойланып жатпады, «күрделі жөндеу жүргіземін» деген сылтаумен демалыс орнын кепілге қойып, 2 миллиард 600 миллион теңге несие алып тынды. Шайтаны жақсылап түртсе керек, сол соманың 1 миллиардқа жуы­ғын қитұрқы әрекеттерімен қалтасына басты. Бұл іске қызын да араластырып, былыққа белшесінен батты. Сол шипажайдың спорттық сауықтыру кешенін басқарған қызы 2015-2019 жылдары барлық табысты жұта салған. Қинал­май. Бірақ екеуінің қылмыстары әшкере болып, бүкіл елге, туыстарына масқара болды. Қазыбек Сұлтан жақында қамауға алынды. Изоляторда ашуы келіп, иығында отырған шайтанының ша­шына жармасты. – Бәріне сен кінәлісің! – деді. – Ойбай, мен не істедім? – Сен азғырдың мені! – Мен «өл» десем өле саласың ба? – Сені соттау керек! – Шайтандарды соттау деген қылмыстық бап жоқ сендерде! Сөйткен шайтаны көзден ғайып болды. Әрине, ол шайтаны емес, қиқымды қиялы еді. Қырсық шалғанда, түрмеге түсті. Банк шипажайды сатып, шығындарын жаппақшы... Абайлаңдар, «шайтан­дарың» азғырып жүрмесін!  

Жатыпатар ЖАНЫС