Білімге бет бұрған Ұлттық кеңес
Білімге бет бұрған Ұлттық кеңес
323
оқылды
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі пәрменді құрылымға айналып келеді. Оның алғашқы екі отырысында Мемлекет басшысы қойған міндеттер қарқынды жүзеге асуда. Ел Президентінің төрағалығымен өткен Ұлттық кеңестің үшінші отырысына білім берудің және денсаулық сақтаудың аса өзекті мәселелері арқау болды. Ел Президенті 2-ші отырыстан бергі жұмыстың нақты нәтижесі барын атап өтті. Бірер күн бұрын ол «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заңға қол қойды. Бұдан былай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес. Тек алдын ала құлағдар етсе жеткілікті. Құжат қоғамдық-саяси қатынастарды демокра­тиялық жолмен одан әрі дамытуға зор үлес қосады. Ұлттық кеңесте Қ.Тоқаев жария еткен саяси реформалардың бірінші топта­масына кіретін басқа да заң жобалары әзірленіп жатыр. «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар» туралы заңдарға өз­герістер де өмірге жолдама алды. Елде парламенттік оппозиция институты енгізілуде. Саяси партияларды тіркеуге қатысты талап жеңілдетілді. Сайлауға түсетін әр партия әйелдер мен жастар үшін 30% квота бөлуі шарт. Жала жабуды қылмыс санатынан алып тастау және Қылмыстық кодекстің 174-бабын ізгі­лендіру азаматтардың қолдауына ие болды. Шетелден жұмысшылар әкелуге белгіленген квота 40%-ға азайды.    Ақмола, Қостанай, ШҚО және Маң­ғыстау облыстарында игерілмеген жайы­лымдарды мемлекет қайтарып алуда. Бұған ғарыштан мониторинг жүргізу арқылы қол жеткізілді. – Мұның бәрі Ұлттық кеңестің бас­тамасымен жүзеге асырылған шара­лардың бір бөлігі ғана! Ұлттық кеңес 1 жылға жуық уақыт аралығында аса маңыз­ды әрі ауқымды реформаларды пысықтап, жүзеге асырды. Қоғамдық диалогтың ұлттық моделі өз тиімділігін көрсетті. Қазір алдағы кезеңнің күн тәртібін анықтап алуымыз қажет, – деді Президент. Ол жаңа ахуал білім беру және ғылым жүйесін түбегейлі рефор­малауды талап етіп отырғанын жеткізді. Бұл саланың маңызы арта түседі. Тіпті, экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға 7 есе өседі. Білім беру мембағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 мың оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, тірек ауылдарда 11 мың орынды 114 интернат, 700-ден аса спорт залы салынады. Қ.Тоқаев тапсырмасымен 4 жыл ішінде педагогтер еңбекақы­сы 2 есеге артады. Олардан жұ­мысында сапа болуы талап етіледі. Жастарға тартымды болуы үшін болашақ педагогтердің сти­пендиясы 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіріледі. Үкімет ЖОО оқыту­шыларының да еңбек­ақысын көбейтуі керек. – Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар ау­дарған жөн. Мұның бірнеше себебі бар. Соның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілет­сіздігі. Әрине, бұл қосымша инвес­тицияны талап етеді. Біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион тең­геге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны 3 есе артады. Сол арқылы оқыту­шылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, универси­теттердің материалдық базасын нығайтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының ше­шіміне сай 2021 жылы аудандық білім беру бөлімдерін басқару және қаржыландыру облыс деңгейіне беріледі. Президент мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін арттыру үшін келер жылы Тіл комитетін Мә­дениет және спорт министрлігінен алып, Білім және ғылым министр­лігінің қарамағына өткізуді ұсынды. Келешекте қашықтан оқытуға қайта оралуға дайындық жүреді. Барлық оқулықтар электронды форматқа көшіріліп, авторлары оларды БҒМ-ның тегін пайда­лануына тапсыруы тиіс. Әзірлеу­шілердің оқулықтар сапасы үшін жауапкершілігі заң жүзінде бекітіледі.  

Ауқаты үшін кемсіту – Кеңес кезіндегі кесел

Білім беру – елдің болашағын айқындайтын салалар. Бұл жолғы жиында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері осы салада өздері ұтымды деп тапқан нендей ұсыныстарын ортаға салды? Қоғам қайраткері, білім сала­сындағы кәсіпкер Асылбек Қожахметов «6 миллиондай ғана жасы бар Қазақстанда жоғарғы оқу орындарының саны тым көп» деген байламды «жалған-миф» деп атады. – Дұрысында, республикамыз­да ЖОО саны Малайзиямен және Америка Құрама Штаттарымен салыстырғанда 2 есе кем, тіпті Ресейдегіден де аз. Оның үстіне, бұл сала бізде тиімсіз. Өйткені оған аз қаржы бөлінеді. Соған қара­мастан, біз білім бойынша әлемде 39-орындамыз. Алайда сапаны арттыра түсу үшін соманы да арттыра беру қажет. Мысалы, Малайзия қорғанысқа қарағанда білім беруге 13 есе, Грузия 5 есе, Қа­зақстан 3 есе көп шығын шы­ғарады. Бұл ретте жұмсалып жатқан миллиардтардың сапасына да мән беруге тиіспіз, – деді ол. Оның мәліметінше, елімізде студенттердің 30 пайызы ғана мемлекеттік білім грантында тегін оқиды. Бұдан ауыл балалары зардап шегеді. –Ауылдықтардың табысы қа­лалықтарға қарағанда 44 пайызға төмен. Салдарынан универ­си­теттердің ақылы бөлімінде оқи­тындардың 15 пайыздайы ғана – ауылдықтар. Демек, біз мемлекеттік білім гранттарын үлестіргенде түлектердің тек ҰБТ-да жинаған балдарын ғана есепке алмауымыз керек. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық факторларды да назарға алуымыз қажет. Табысы жоғары отбасыдан шыққан талап­керлерге білім гранты берілмеуі тиіс! Кедей, аз қамтылған отба­сылардан шыққан барлық түлек­терге грант тапсырылсын. Әрине, егер 50 балдан жоғары жинаса, – деді Асылбек Қожахметов. Бұл ұсыныс ғаламтор мен әлеуметтік желілерде наразылық тудырғанын айта кеткен жөн. Сарапшылар большевиктер кезіндегідей талапкерлерді тек шығу тегі және отбасының әлеу­меттік жағдайы мен ауқаты бойын­ша кемсіту басталса, қазақ елі да­рындар мен болашақ ғалымдардан айырылып қала­тынын ескертті. Себебі дәулетті отбасылар өз ба­ласына терең әрі жан-жақты білім беруге тырысады. Ол жастардың өзімізде білім алып, Қазақстанға қызмет еткені ма­ңызды. Әйтпесе, мемлекет бетінен қағар болса, ол жастар тегіс шетелге кетіп қалуы ықтимал. Білім және ғылым министрлігі онсыз да ақыл-ойы озық жас азаматтарды ше­телдік ЖОО-лар қызықтырып алып кетіп жатқанына алаңдап отыр. Қоғам қайраткері Ұлттық кеңестегі сөзінде осы ұсынысына өзі қайшы келді, ол Қазақстанда оқитын студент жастар санының аздығына қапаланды: «Шынында, әрбір миллион халыққа шақсақ, еліміздегі студенттер саны АҚШ-қа қарағанда 2 есе, Малай­зиядағыдан және Франциядағыдан 1,5 есе аз», – деді А.Қожахметов.  

Мемлекеттік тіл мерейін кім өсіреді?

Грант мәселесіне қоғам қай­раткері, бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов те түрен салды. Бірақ ол басқа қырынан келді. – Білім гранттарына қатысты пікірім бар. Ұзақ жылдардан бері гранттарды жоғары оқу орындары арасында оқыту тіліне қарай бө­леміз. Неге екенін білмеймін, грант­­тардың 75 пайызы – қазақша оқы­туға, тек 25 пайызы ғана орыс­ша оқытуға беріледі. Нәти­жесінде, орысша бітірген түлек 75 балымен авиация мамандығына грант ала алмайды. Ал басқа тілде бітірген бала 50 ба­лымен-ақ түсіп кетеді. Осылайша, бізді нашар білімі бар ұшқыштар тасып жүр! – деп төбеден жай түсіргендей етті М.Әбенов. Мұндай үлес неге қалыптас­қанын кезінде БҒМ басшылығында биік лауазымды қызмет атқарған Әбенов білмесе, біз айталық. Біріншіден, Қазақстан Консти­туциясының 7-бабына және «Тіл туралы» заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Екіншіден, Қазақстанда оқу­шылардың 70%-дайы мемлекеттік тілде оқиды. БҒМ дерегінше, 2019 жылы мектеп бітірген 143 089 баланың 70 пайыздайы немесе 96 898-і қазақ тілінде оқыған. Қалғанының 40 457-сі – орысша, 5 734-і өзге тілдерде білім алыпты. Ендеше мемлекеттік гранттың 75-ның мемлекеттік тілде оқыған түлектерге берілуі – заңды, әрі әділетті. Болашақта білім орда­ларының түлектері 100% мемле­кеттік тілді білсе, бұл үлесті арт­тыруға болар. Үшіншіден, «бізді нашар білімі бар ұшқыштар тасып жүр» деп тіпті шетелде де мол сұранысқа ие отандық авиация мамандарының жетістіктерін белінен бір сызып тастау әбестік болса керек. Бір қуантқаны, Ұлттық кеңес мүшелерін тыңдап болғаннан кейін сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қайта мемлекеттік тілдің маңызын көтеру мәселесіне екпін түсірді. Президент қазақ тілін оқытудың тиімділігі барынша арттырылатынын, бұл мәселеде Еуропа елдерінің тәжірибесі үлгіге алынатынын, тіл үйрету барысында негізінен оқу орындарындағы жастарға көбірек мән берілетінін нықтады.  

Сала реформаға бет алды

Саясаттанушы Саясат Нұрбек кеңес кезіндегідей жаппай сауат ашу науқанына кірісуді ұсынды. – Әлемде жаңа теңсіздік бас көтеруде. Бұрын ондай теңсіздік шығу тегіне, нәсіліне, әл-ауқатына қарай жүретін болса, енді бұл цифрлық сауаттылыққа бай­ла­нысты болып отыр. Ғаламат тарихи меже: осыдан 100 жыл бұрын, 1919 жылы большевиктер «Сауат­сыздықты жою туралы декрет» қабылдағаны мәлім. Атақты «лик­без» естеріңізде шығар? Бүгінде жаппай сауат ашу бағдарламасын қолға алатын, цифрлық сауатсыз­дықты түпкілікті жоятын шақ туды, – деді С.Нұрбек. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» ҰАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков өзге университеттердің ауыл ма­мандарын даярлауы тоқтатылып, бұл іс тек 3 ЖОО-ға берілгені жөн деді. – Ауылға керекті кадрларды даярлауға ерекше назар аудару қажет. Оқыту сапасы мен оқу бітіргеннен кейін жұмыспен қам­тылудың төмен деңгейіне қатысты көп сын айтылады. Проблеманы шешу үшін барлық оқу орнын профильдеу қажет. Менің ойымша, саланы қажетті кадрмен қамта­масыз ету үшін қазіргідей 22 уни­верситеттің емес, 3 аграрлық университеттің мүмкіндігі толық жеткілікті! – деді Т.Рақымбеков. Оның байламынша, түлектерді мамандығы бойынша жұмыспен қамту үшін жеке қосалқы шаруа­шылықтардың дамуы туралы президенттік тапсырма іске асырылуы қажет. Сондай-ақ бұған тұтастай ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кооперациясы мүмкіндік береді. Айтқандай, ол кооперативтердің қызметіне саяси реңк беруді ұсынды: «Коопера­тивтер – ауылды дамытудың әлеуметтік-экономикалық және саяси негізі бола алады», – деді ол. Білім және тәрбие беру сала­сында жағымды өзгерістер де жетерлік. Оларды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетов мәлім етті. –Балабақшалар бойынша балаларды кезекке қою және қабылдау 100% автомат­тан­дырылды, балабақшалармен қамту 98%-ға жетті. Бұл – сандық көр­сеткіштер. Ең бастысы, мазмұн мәселесін өзгертуге көшудеміз. Сондықтан оқу стандарттарын өзгерту, тәрбиешілердің біліктілігін арттыру, балалардың жас мери­тизациясын өзгерту және әдіс­темені жаңарту мәселелерін шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Мектеп деңгейінде құрылыс нор­малары мен ережелерін және санитарлық ереже талаптарын жеңілдетіп, 3 қалада пилоттық режимде жан басына қаржылан­дыру жұмысын бастадық. Соның арқасында жекеменшік мектеп­тердің үлесі артып келеді. Тек 1 жыл ішінде олардың үлесі 75%-ға артты. Өткен жылы 70 жекеменшік мектеп іске қосылды, – деді министр. Алдағы оқу жылында елде жаңартылған білім беру бағдар­ламасына көшу толығымен аяқ­талады. Енді БҒМ тек білім са­пасын арттыру мәселелерімен айналысатын болады. Бұған бағдарламалар мен оқулықтардың сапасын арттыру, бағалау жүйесін жетілдіру жатады. Аталған жұмыс басталыпты. –Тағы да бір маңызды мәселе – ауыл мен қала арасындағы ал­шақтық. PISA соңғы көрсет­кіштерін қарасақ, Қазақстанда ауыл мен қала оқушыларының білім сапасы орта есеппен 1,5 жылға алшақтаған. Біріншіден, ауыл мен қала бір-бірінен қашық жатыр. Екіншіден, өңір мен өңір арасындағы да үлкен алшақтық бар. Сондықтан қала мен ауыл, өңір мен өңір арасындағы кейін қалушылықты жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл проблеманың негізгі себебі – әсіресе ауылдық жерде мұғалімнің жетіспеуі. Өйткені бала аз болса сағат та аз, сағат аз болса табыс аз, білікті мұғалім бармайды. 1 ставка алу үшін мұғалімдер 18 сағат жұмыс істеуі тиіс. Ал бала аз болған соң сағат жетіспейді. Бұл – өте күрделі мәселе, – деді Асхат Аймағамбетов. Алда бірнеше пәнді оқытатын мұғалімдер даярлау, оқу-ма­териалдық базаны нығайту, ауылда интернет сапасын жетілдіру және тірек мектептердің желісін дамыту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Мемлекеттік бағдарламада осы мәселелер бөлек қарас­тырылған.  

Елдос СЕНБАЙ