СЕБЕТТІҢ ІШІНДЕ НЕ БАР?
Сонымен тұтыну себетіндегі азық-түлік тізіміне үңілсек, 35%-ы ет және балық өнімдері екенін байқаймыз. Яғни, жан басына шаққанда жылына 15 келі сиыр еті есептелген. Көкөніс пен жемістің бір адамға шаққандағы жылдық тұтыну көрсеткіші: орамжапырақ – 25 кг, сәбіз – 20 кг, пияз – 20 кг, қияр – 5 кг, қызанақ – 5 кг, қызылша – 5 кг, қарбыз – 10 кг, алма және өзге де балғын жемістер – 25 кг, жидек (жүзім, құлпынай, тағы басқалар) – 4,5 кг, кепкен жеміс – 0,5 кг. Тұтыну себетіндегі үлестің үлкен бөлігін картоп (95 кг) пен сүт өнімдері (84 кг) құрайды. Яғни, жан басына шаққанда жылына осы көлем бекітілген. Одан басқа, 142 дана жұмыртқа, ас тұзы – 2,19 кг, ашытқы – 0,05 кг және шай – 0,67 кг, тағы басқалар. Демек, тұтыну себетіндегі осы аталған өнімдерге жетерлік қаражатыңыз болса, аштан өлмеуіңізге кепілдік бар. Бұл – біздің емес, осыны түзген органдардың пайымы. Себеттің ішіндегі жиынтық азыққа орай, біздегі тәуліктік норма – 1 200-ден 1 500 килокалорий деп есептелген. Алайда бұл – аз. Мамандар адам тойып тамақ жеу үшін тәулігіне кем дегенде 2 000 килокалорий керек екенін айтады. Кейбір деректерде Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Германияның тұтқындарға беретін нормасы 2 500 килокалорияға жеткені жазылғанын ескерсек, ар жағын өзіңіз шамалай беріңіз. Қазақстанның азық-түлік себеті мен ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша көрсеткіші сын көтермейді. Бұл туралы сарапшылар мен қатардағы азаматтар да біраз жылдан бері айтып келеді. Диетологтар себеттегі азық тізімнен күріш пен ұнтақ жармасын алып тастап, жемісті көбейтуді (орташа статистика нормасына орай адам күніне 1 келі жеміс жеуі керек) ұсынады. Сондай-ақ еттің көлемін қысқартып, орнына бұршақ дақылдарын қосу керек. Осылайша, себеттің құнын қазіргіден 1,5-2 есе арттыру қажет деп санайды. Біраз уақыт бұрын Парламент депутаты Айқын Қоңыров бүгінгі күні қоғамды алаңдатып отырған негізгі мәселе халықтың кірісінің төмендеуі екенін мәлімдеген. «Біздің азаматтарымыздың елеулі бөлігі кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатыр, тіпті жұмыс істеп жүргендерінің көбінің тұрмысы төмен. Яғни, «жұмысы бар кедейлер» саны артып келеді» деп атап көрсеткен болатын. Мәжілісмен кедейлік шегін анықтап, төменгі күнкөріс деңгейін әлемдік стандарт бойынша қайта есептеп шығуды ұсынады. Өткенге қарасақ, кеңестік кезеңде республикамызда тұтыну себеті 239 тауар және қызмет түрінен құралыпты. Мысалы, ол кезде бір адамға күніне 1 литр сүттен есептелген болса, қазір стақанмен шектеледі. Жеміс бойынша алсақ, кеңестік стандартта күніне жейтін жеміс 300 грамнан кем болмауы тиіс болса, қазір – 80 грамм мөлшерінде.ШЕТЕЛДЕ ҚАНДАЙ?
Кеңестік көрсеткішті қоя тұрып, бүгінгі өлшеммен қарасақ, Қазақстанның азық-түлік себеті Ресейдің себетінен екі есе жұпыны, ал Еуропа елдерінен үш-төрт есе төмен екенін байқаймыз. РФ-да тұтыну себетіндегі тауар мен қызмет түрінің жалпы саны – 156. Ал АҚШ-тың «себеті» 300 тауар мен қызмет түрінен құралса, Францияда – 250, Ұлыбританияда – 350, Германияда – 475. Бұл цифрларды тарқатып айтар болсақ, кісі қызығарлықтай тізім шығады. Мысалға, Германияда себетке кіретін тауарлар мен қызмет түрін тұрғындардың өздері тізіп, бес жыл сайын түзету енгізіп тұрады екен. Бес жыл сайын федералды статистика қызметі 60 мың отбасына сұрау салып, себеттің құрамын қалыптастырады. Немістің тұтыну себетіне балабақша қызметінің құнынан бөлек, қарттар үйіндегі күтімге, емделуге деген қызмет түрлері қосылған. Ал америкалықтарға арналған себеттің шығыны, негізінен демалысқа, білім алуға, тұрмыстық техника мен киім, пәтерақы, мобильді байланыс пен интернетке, көлік жөндеуге және жеке бас гигиенасына арналған құралдарға негізделген. Яғни, тек тамақ емес, жаныңызға қажетті дүниені түгендеген. Тіпті, себеттің ішіне «не саламызға» келгенде, әр халықтың «тәбетінен» бөлек, таным-түсінігі де ескерілетіндей. Яғни, ұлыбританиялықтардың тұтыну себетіне шоколад, аққайнар, сыра, тапсырыспен әкелетін дайын тағам, МР3 ойнатқышына шейін қосылған болса, француздарда сән салондарына кіру мен косметикалық бұйымдар сатып алу, сондай-ақ үйдегі ит пен мысықтың тамағы да кіргізілген. Тұтыну себетінің «тоқ» болуы сол елдегі экономикалық жағдай, ұлттық валюта құны,тауарлар бағасының тұрақтылығына байланысты. Әсіресе, төменгі күнкөріс деңгейіне келгенде олардың рөлі үлкен. Мысалы, Австралияда ең төменгі күнкөріс шамамен 600 австралия долларына тең, ал ең төменгі айлық көлемі 650 доллардан сәл ғана асады. Түйін: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің сөзінше, Қазақстанның ең төменгі күнкөріс деңгейі бес түрлі әлеуметтік төлемге негізделген. Ол – базалық зейнетақы төлемі, мүгедектігіне байланысты әлеуметтік жәрдемақы, асыраушысынан айырылуына байланысты төлем, мүгедек балалардың күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы және АӘК. Бұл бес атаулы төлемге бюджеттен бөлінетін бір жылдық қаражат көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды. Аз ақша емес, әрине. Осындай жағдайда тұтыну себетін «толтыру» қаншалықты жүзеге асуы мүмкін? Әзірге министрлік 2016-2017 жылдардағы зерттеу негізінде себеттегі атауларды 43-тен 51-ге көбейтуге болатынын айтып отыр. Осылайша, Қазақстан Үкіметі де тұтыну себетіндегі тауарлар мен қызмет түрлерін қайта қарауға бейіл екенін байқатты. Одан басқа жол да жоқ. Өйткені қазіргі күні қазақстандықтарды суицидке, ажырасуға итермелейтін көп себептің бірі кедейлік екені анық.Бауыржан БАЗАР