Белгілі журналист, жазушы, ақын, қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат, Парламент Сенаты Баспасөз қызметінің жетекшісі Әділбек Қаба Қазақстан Журналистикасы академиясының академигі атанды.
Ел өміріне қатысты қай тақырыпқа қалам сілтесе де, терең зерделеп, әлеуметтік проблеманың тамырын дөп басып, қоғамның назарын аудара алатын журналистік шеберлігімен танылған Әділбек Қаба журналистикадағы 30 жыл ішінде «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде бас редактордың орынбасары, «Тіл және Қоғам» журналының бас редакторы, Бас прокуратураның басқарма бастығы – баспасөз қызметінің жетекшісі қызметін абыроймен атқарған танымал тұлға.
Бүгінде ол Парламент Сенаты баспасөз қызметінің жетекшісі.
Ұлтжандылығымен танымал, желтоқсаншы қаламгер екінің бірі батылы жетіп айта бермейтін ұлттық проблемаларды батыл көтеріп, қоғамдағы қордаланып қалған небір түйткілді мәселелерге биліктің назарын аудартып келеді.
Оқырман қаламгерді жалынды жырлары мен тұшымды әңгімелері арқылы да жақсы біледі. Оның журналистік қызметінің тағы бір қыры – ғасырлар бойы ауызекі таралып келген қазақ мифологиясын «Мыңнан бір мезет» газетін шығару арқылы ыждаһаттылықпен жинақтап, халыққа қайта ұсынуының нәтижесінде, бұл дүниелер қазақ мифологиясының 55 томдығына өзек болды. Оқырманы кітаптарын, жазбаларын ерекше қызығушылықпен оқитын қаламгер жуықта Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі атанған болатын.
«Айқын» газетінің негізін қалаушылардың бірі, әріптесіміз, қара еңбектен қашпайтын қарапайым әрі талантты журналист Әділбек Қаба мырзаны академик атануымен құттықтаймыз және шығармашылығына шалқар шабыт тілейміз!