Бурабайда жылдамдықты шамадан тыс асырған шенді тәртіп сақшысы адам қағып кеткен. Төлем терминалына барып, жолақысын төлеп тұрған кісі сол жерде көз жұмды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, соққының қатты болғаны сонша марқұм 40 метрдей ұшып, денесі бөлшектеніп кетіпті. Ал полицей оқиға орнынан із суытқан.
Телеарна тілшілерінің мәліметінше, Нұрлан Жүнісов таңертең Макинск қаласына іс-сапарға кеткен. Ол - Көкшетаудағы электр желілері торабында бағаналар таситын жүк көлігінің жүргізушісі. Жолда көліктен түсіп төлем терминалына жол ақысын төлемек боп жақындағанда, жүйткіген көлік кеп соққан.
"40-43 метрге ұшып кеткенін айтты. Ұшқаны соншалық Щучьеде соққаннан кейін тоқтамаған, ары қарай кетіп қалған. Мас болған, мас болған дейді, иә", - дейді марқұмның қызы Маржангүл Нүкенова.