Birgemiz қорынан 7 мың мұқтаж отбасы көмек алды
Birgemiz қорынан 7 мың  мұқтаж отбасы көмек алды
327
оқылды
Елбасы – Nur Otan партия­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­сымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры төтенше жағдай кезінде тұрғындар­дың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына одан әрі көмек көрсетуде. Екінші кезең бойынша респуб­ликалық қордан өңірлік Birgemiz-Mangystau қорына 358 млн теңге бөлінді. Сөй­тіп, 7 162 мұқтаж жанға 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Маңғыстау облысы бойынша Ақтау қаласында тұратын 4 мың адамға және Жаңаөзен қала­сының 3 мың азаматына қаржы­лай көмек көрсетілді. 50 мың теңге әлеуметтік жағынан мұқ­таж жандарға жеке есепшот­тарына аударылды. Әр банктен көмек алушылардың шотта­рының жағдайы нақ­тыланды. Birgemiz-Mangystau қоғамдық қорынан көмек алушылардың тізімдерін жергілікті әкімдіктер жасақтады. Өңірлік қорға түскен қаржының мақсатты жұмсалуы Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалының бақы­лауында болады. Қаржылай көмек мұқтаж адамдарға жеті санат бойынша берілді: аз қамтылған көпбалалы отбасылар; І топтағы мүгедектер; мүгедек баланы тәрбиелеп отыр­ған отбасылар; ең төменгі мөл­шерде зейнетақы алатын зейнет­керлер; жетім балалар (оның ішінде тұлдыр жетім балалар мен асыраушысының бірінен айырыл­ған балалар); Ұлы Отан соғысына қатыс­қандар және мүгедектер, оларға теңес­тіріл­гендер және тыл арда­герлері. Аталған көмек облыс орта­лықтары мен коронавирус таралу қаупі жоғары ірі қалалардың көмекке мұқтаж тұрғындарына көрсетілді. Осы жайттар ескеріле отырып, республикадағы 23 қала белгіленген. Сол 23 қаланың тізімінде Ақтау және Жаңаөзен қалалары да бар. «Бірінші кезеңде респуб­ликалық Birgemiz қорынан өңірлік Birgemiz-Mangystau қорына 324 млн 350 мың теңге бөлінген бола­тын. Нәтижесінде, барлығы 6 487 мұқтаж жандарға қаржылай көмек көрсетілді. Оның ішінде 4 374 ақтаулық және 2 113 жаңа­өзендік бар. BizBirgemiz респуб­ликалық ак­циясы Маң­ғыстау облысында қарқынды жүзеге асып жатыр. Елбасының тапсырмасы бойын­ша, «Кедергісіз келешек», «Ба­қытты отба­сы» және «Ардагер­лерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында меценаттар, кәсіпкерлер мен белсенді аза­маттардың қолдауы­­мен бүгінге дейін 3 142 отба­сыға көмек көр­сетілді», – деп атап өтті Nur Otan партиясы Маңғыс­тау облыс­тық филиалы төрағасы­ның бірінші орынбасары Елубай Әбілов. Жинақталған қаржыға бірін­ші кезектегі азық-түлік себеттері мен медициналық маскалар, анти­септикалық құралдар сатып алын­ды. Әлеуметтік көмекті пар­тиялықтар мен Jas Otan еріктілері арқылы халықтың тұр­мысы төмен әлеуметтік тобына байланыссыз тарату жолымен берілді.  

Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ