Тарихтан там-тұмдасақ, кезінде Әміре Қашаубаев шетелде өнер көрсетіп, қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды. 1927 жылы Мәскеу консерваториясында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Германияның Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаев әндерінің дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері – Ромен Роллан, Анри Барбюс, тағы басқалар тарапынан жоғары баға алғаны белгілі. Осындай ұлы жолды жалғастырып, жас болса да, жарқ етіп көрінген Димашты қазақ ұзақ күтті.
Дәл қазір қазақ қана емес, әлем халқы арзан, жеңіл дүниелерден мезі болғандай еді. Өзінің әсем дауысын, тума талантын, ерекше көркемдігін көрсетіп, тап-таза, мөп-мөлдір өнерді паш еткен Димаштың бұл жолда айы оңынан туды. Әуезді үнін тек таза дыбыспен табыстыра отырып, миллиардтарды мойындатты.
Ол, ең алдымен, «Жас қанат» байқауында жарқ етіп, кейін Ресей, Беларусь, Түркия мемлекеттерінде өткен ән додаларында абырой биігінен көрінді. Бүгінде бас қаламыздағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті. Жас болса да, мемлекеттік масштабтағы салтанатты концерттер мен гала ән кештері Димашсыз өткен емес. Енді, міне, Қытайдың Чанша қаласында қаңтардың орта шенінде басталған «Singer-2017» байқауында әлемді аузына қаратты. Міне, осы тұста әлем Димаш арқылы қазақты таныды.
Өнердегі кеңістікте шекара болмайды. Сұңқарды сұңқар парлап ұшқан қанат қағысынан, тұлпарды тұлпар жер тарпыған шалқар шабысынан таниды. Осы тұста Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева да «Мен – әншімін!» додасының финалына барып, Димашқа қолдау білдірді. Мәдениет министрі арнайы барып, жүрекжарды лебізін білдірді. Бұрын-соңды мұндай қолдау қай әншіге жасалып еді? Шабысты жүйрік атты сейілтер белдеуде, жабу астында тұрғанда таниды. Көздері көріп, көңілдеріне түйгенін әлемдік деңгейдегі өнер майталмандары жасырып қалған жоқ. Жер-жерге жарыса жазып, отандық телеарналарда қайта-қайта айтып жатты.
Димаштың әр кезеңде айтқан әндеріне – залдағы көрерменнің көздері шарасынан шығып кете жаздады. Сенбей көздерін уқалайды. Бастарын барынша шайқайды. Бас бармақтарын көрсетеді. Әйтеуір, эмоцияларын білдіруден танбады. Жанкүйерлер жанын шүберекке түйіп, тілекші болған Димаштың екінші тұғырдан көрінгеніне разы еместігін білдіріп жатты. Айта кетсек, «Мен әншімін» – үздік әншіні анықтайтын музыкалық байқау. Ең алғаш 2013 жылы эфирге шыққан жоба осы жылы 5-рет ұйымдастырылды. Бұл жоба – Қытай еліндегі ең үздік музыкалық байқаулардың бірі, сондай-ақ «Хунань ТВ» арнасының ең танымал музыкалық шоуы. Сондықтан Қытайда бұл жобаның рейтингі өте жоғары. Димаш Құдайбергенов – Орталық Азиядан қатысқан алғашқы әнші.
Байқаудың финалында қазақстандық әнші қытайлық танымал әнші Шан Вэньцземен қосылып, Майкл Джексонның – Earth Song және Dangerous әнін орындады. Осы байқаудағы Димаштың басты қарсыласы – гонконгтық Sandy Lam болды. Финалдың алдындағы рейтингте Sandy Димаштан небәрі 0,15 балға озып тұрған. Айта кетейік, жеңімпаздардың тағдырын көрермен залында отырған 500 адам шешті. Олар жеңісті ақыры тартысқа толы бәсекеде барлық кезең бойынша Димашпен теңбе-тең келе жатқан Sandy Lam-ға берген.
Бірақ ойлап қарасаңыз, гонконгтік әншінің жерлесімізден бір адым алға шыққаны – заңдылық. Расында да, доданың ұйымдастырушысы да, жүлденің де иесі – жер бетіндегі ең көп халық, өздері. Құдайберген Құдай бере салған талантымен қаптаған қытайды ғана емес, талғамы талассыз французды мойындатты. Француздық танымал телеарна Франс 2-нің таңғы бағдарламасында «Сіздер мына керемет дауыс иесін танисыздар ма? Бұл баланың аты – Димаш. Ұлты – қазақ» деп таныстырғанда көкірегіңді ерекше қуаныш кернейді екен. Талай қазақтың жүрегін селт еткізіп, көзіне қуаныштың көз жасын әкелген қаршадай баланы жақсы көрмей көр сосын.
Димаштың даңқын асқақтатқан байқауда қазақ баласы үнемі үздіктердің қатарынан көрініп, өзінің талантты екенін дәлелдеді. Димаштың ерекше таланты әр кезеңді тамашалауға келген жанкүйерлердің таңдайында кетті. Байқау барысында екі бірдей атаққа қол жеткізді. «China Top music Awards» марапатының «Азияның ең танымал әншісі» атағын жеңіп алды. Бұған қоса әнші 17th China Music Awards шарасында «Халықаралық деңгейдегі танымал әнші» жүлдесіне де ие болды.Оның ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысына Лара Фабиан мен атақты Джеки Чанның өзі таңдай қақты. Тіпті қазақ баласы танымал Голливуд фильмінің саундтрегін де орындады. Осы жеңістің құрметіне Димаштың суреті Шанхай (Shanghai Bund) және Нью-Йорк қалаларындағы (Times Square) LED экранға шықты. Міне, мықтылық! Мықтылық дегеннен шығады, Димаш өзгелердің ығына жығылмай, өз ұлтының намысын биік ұстаумен болды. Қытайда тұрмын демеді, тек қазақша сөйледі. Қазақтың әнін айтты. Ұлттық киімін паш етті. «Сүйікті кітабым – Абай жолы» деді. Осылайша, өнеріне табынушыларға қазақ тілін үйретуге қадам жасатып, әдебиетіміздегі классикалық туындының қытай тіліндегі аудармасының сатылымын арттырды.
Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева, Опера әншісі Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев бастаған өзіміздің өнер майталмандары да «Бұл деген – үлкен революция», «Ол нөмірі бірінші әнші атанды», «Бұл – өнердегі жарылыс», «Төрт октава дауысы бар. Әлемде дәл мұндай дауыс жоқ» деп Димаштың талантына оң бағаларын беріп, қолдау білдіріп жатты. Қысқасын айтқанда, қуанбаған қазақ қалмады.
Тіпті Қазақстанның халық артисі Лаки Кесоглу: «Шыны керек. Димаш осы байқауда өзінің зор мүмкіндігін көрсетіп, нөмірі бірінші атанды. Бірден айтайын, Димаш пен Витасты салыстырып қажеті жоқ. Ол екеуінің дауысы екі бөлек. Витас фальцетпен орындайды. Ол өзінің дауысымен орындаса, мұндай ерекшелік болмас еді. Ал Димашта контратенор. Мұндай дауыс әлемде өте аз» деп нақты бағасын беріп, елдің ернінде жүрген күбірге нүкте қойды.
Ал оның биыл Мәскеудегі Кремль сахнасында өткен алғашқы жеке концертіне 56 елден фанаттар келді. Бұл кештің өтетіні жарияланып, билеттер сатылымға түсе бастаған жарты сағаттың ішінде оның өнерін бағалайтындар билеттерді лезде сатып алып кеткен. Осыдан кейін оның жоспардан тыс екінші концерті өткізілетін болды. Бұл да болса, әнші деген халықтың махаббаты. Шын өнерге деген махаббат. Біздің бұл пікірімізді концерт көруге келген мәскеулік Антонина Смирнованың сөзі дәлелдейді. Оның айтуынша, «Димаштан асып түсетін әнші қазір әлемде жоқ».
Иә, оны I am singer жобасындағы алғашқы әнінен бері жақсы көретін көрермені бүгінде миллиондап саналады.
Димаштың тектілігі, өнерге адалдығы Америкада өткен «Әлем үздігі» шоуында да аңғарылды. Ол мәреге жақындағанда байқаудан бас тартты. Бұл жолы Димаш кішкентайлармен сайысқа түсуді ұят санаған жоқ, балалардың жолын кескісі келмеді. Димаштың мәрттігіне сенер-сенбесін білмеген қазылар алқасы мұндай шешімге таңғалды да. Сөйтіп, өзінің шын мықты екенін тағы бір рет дәлелдеген ол жолын өзінен кейінгіге беріп, ілтипат көрсетті.
Мінсіз асыл тасты миллиардтардың көзі шалды. Нәп-нәзік жүрегінің сырын осылайша, өнердің мейрамына айналдырған дарынды Димашты қазағы қатты мақтаныш тұтады. Мыңнан бірге берілген, Димаштың маңдайына жазылған бақ бұл!
Бұл жеңіс – әлем алдындағы қазақтың табысы!