Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда медициналық жабдықтарды жаңарту үшін 1,5 триллион теңге қажет екенін мәлімдеп отыр.
– Шыны керек, медициналық құрал-жабдықтар ескірген. Біздің есептеуіміз бойынша, қазіргі заманғы технологияларды есепке алмағанның өзінде, бұл инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін шамамен 1,5 триллион теңге керек. Ең алдымен, ауылдық елді мекендер медициналық жабдықтардың тапшылығын сезіп отыр, – деді.
Министр бұл жұмыстар басталған кезде кезең-кезеңімен орындалуы қажет екенін ескертті.
– Қазір бұл жұмысты қолға алу қажет. Бірінші кезекте аудандық ауруханалар мен емханаларды нығайтқан жөн. Екінші кезекте облыстар мен қалаларда көпбейінді медициналық орталықтар салынуы тиіс. Сонда ғана медицинаның түрлі саласындағы мамандарды біріктіре аламыз, – деді Біртанов.
Одан бөлек, ол еліміздегі медицинаның кемшіліктерін де айтты.
– Өкінішке қарай, кей кезде ауыр халдегі науқастар түскенде қиындыққа тап боламыз. Сосын науқасты бір ауруханадан екінші ауруханаға жіберіп мезі қыламыз. Осы жайында шағым көп. Мүлде таусылмай жатыр. Сосын ауырған адамның жағдайы тіптен қиындап кетеді, – деді.
Елжан Біртановтың айтуынша, коронавирус кезінде дәрігерлер де қиындыққа тап болған.
– Тіпті, індет кезінде жұқпалы аурулар емханасында да мәселе шықты. Күрделі патологиясы мен пневмониясы бар науқастар пайда болған кезде, біз жұқпалы ауруханаларға медицинаның басқа саласындағы мамандарды шақыруға мәжбүр болдық, – деп толықтырды.
Сөз соңында министр еліміздің әрбір өңірінде заманауи көпфункционалды медициналық орталықтар құру қажет екенін айтты.